|
14.12.2019 | 19:08
7612

Алматы әкімдігі қисайған үйдің тұрғындарын көшіруге дайын

Әкім «Зерделі» шағынауданы №179 үйдің тұрғындарымен кездесу үшін Алатау ауданына келді

Алматы әкімдігі қисайған үйдің тұрғындарын көшіруге дайын

Алатау ауданында қисайған көпқабатты үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріледі. Мұндай шешімді халықтың жағдайын білуге арнайы келген Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Себебі, басынан дау арылмаған бұрынғы «Алғабас», қазіргі «Зерделі» шағынауданының №179 үйдің тұрғындары қауіпсіздік үшін алаңдайтындарын айтты. Ал 9 қабатты, 72 пәтерлі үйдің қисаю себеп-салдары анықталмайынша жұртты жалдамалы баспанаға қоныстандыруды ұсынды.

«Сіздерді басқа жаққа уақытша қоныстандыруға дайынбыз. Біз осындай шешім қабылдадық. Қазір қала әкімдігі қаулы шығарып, ауданда төтенше жағдай жарияланады. Тиісті қаражат бөлінеді. Егер сіздер 72 жалдамалы пәтерді іздеуді бізге тапсырсаңыздар, оны дайындауға әзірміз. Әлде, «жоқ өзіміз табамыз» десеңіздер, оған да келісеміз. Онда пәтерді жалдағандарыңыз жөнінде құжат әкеліңіздер. Қаражатын толықтай төлеп береміз», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Қала басшысы мәселені тиісті және білікті мамандар қарайды деді. Енді олар қысқа мерзімде зерттеулер мен тексеріс жүргізіп, нақты шешімін айтулары қажет. Ал, үйлерінен кететін елдің мүлкі үшін алаңдамаңдар деді қала басшысы. Себебі күзетке тәулік бойы тәртіп сақшылары тартылатын болды. Шаһар басшысы жұртты сары уайымға салынбай, сабырлық танытуға шақырды.

«Үйді қалыпқа келтіруге болатын болса, қалыпқа келтіреміз. Кіру қауіпсіз болғанда ғана, онда уайымдамай көшіреміз. Барлық қаладағы қызметтер өз жұмыстарына жауап береді. Бірақ тексерулер нәтижесі онда тұруға болмайды деген тұжырымға келсе, көпқабатты үйді сүруге тура келеді», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

«Алдыңғы жағында үш, артында үш, жанында екі шамшырақ бар. бар. Сол бойынша күнде екі рет геодезиялық құралмен өлшеу жүргізіледі. Кеше тұрғындар көрді. Қалай жүргізгенін, өлшеу журналын көрсеттік. Үш күн бойы ешқандай динамика жоқ. Бүгін тағы өкілдер көрсетті. Бізбен бірге жүріп өлшеді таңертең», - деді «Алматы бас жоспары» ҒЗИ ЖШС геодезия бөлімінің басшысы Еркебұлан МАНАСБАЕВ.

Ал, Бақытжан Сағынтаев іске кәнілі тарапты жауапқа тарту үшін қалалық прокурата іс қозғайды деді. Ол үшін тексеру жасайтын мамандар нақты қорытынды шығарулары тиіс. 

«Қолымызға түскен қорытындыдан соң барлық кезеңге заң тұрғысында баға береміз. Құрылысты жобалау, салу, авторлық және техникалық қадағалау кезінде кеткен олқылықтарды анықтаймыз. Толтырған жұмыс журналдары да тексеріледі. Қылмыстық кодексте 278, 282 және 280-баптар бар. Тұрғын үйді қолданысқа берген, яғни құрылысқа жауапты тұлғалар жауапқа тартылады», - деді Алматы қаласы прокурорының орынбасары Берік АДАМОВ.

Ал, мектепте өткен арнайы жиынға мердігер мекеменің басшысы да келіпті. Оның сөзінше құрылыс жүргізгенде олқылық жібермедік деп отыр.

«Жоба бойынша үй бөлек берілген. Арасында мемлекеттік сараптамадан өткендері бар, құжаттары да бар. Яғни, бәрі жоба бойынша салынған. Бөлек. Мен қазір нақты осынша метр деп айта алмаймын», - деді мердігер мекеме басшысы.

Ал зәре-құты қашқан тұрғындар 7,5 сантиментрге шалқайған үйлерінен кететіндеріне қуанышты. Себебі, түнімен үйден шықырлаған дауыс шығып, 4 күннен бері ұйқымыз қашты дейді олар.  

«Бізді көшіретініне қуаныштымыз. Қала әкімі дұрыс шешім қабылдады. Себебі барлық отбасында балалар бар. Тексерудің қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Үш күнге ме, бес күнге, бір аптаға небір айға созыла ма, ол жағы белгісіз. Сондықтан, нақты шешім шыққанға дейін көшіп кеткеніміз жөн болады деп ойлаймыз. Шешімге ризамын», - деді тұрғындардың бірі Әсем САДЫҚОВА.

«NUR OTAN партиясының ғимаратында сол жерде штаб құрылды. Ол мына №179 үйден алыс емес. Тұрғындарға да ыңғайлы. Қазіргі күні 72 пәтер иесінің құжаттары қабылданып, пәтерін жалға бергендердің барлығының құжаттарын қабылдаймыз. Олар тұратын пәтер тауып, құжаттарын әкеліп, «жалға алу сомасы осынша» деп айтады. Солардың бәрін жазып, келесі жұмыс күнінен бастап, ақшаларын төлеуге ықпал етеміз», - деді Алатау ауданының әкімі Шахмерден РЫСПАЕВ.

«Зерделідегі» қисайған үйдің тағдырын енді арнайы комиссия шешеді. Үй сүріле ме, әлде тұрғындар өз баспаналарына қайта орала ма? Бұл мәселе жақын арада белгілі болады. Бастысы қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың шешіміне тұрғындар риза болып тарқасты.

Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир