Әскерден жалтарғандар айыппұл төлейді – Қорғаныс министрлігі

13.04.2022 18:59

Көктемгі әскерге шақыру науқаны 30 маусымға дейін жалғасады

Almaty.tv

Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру науқаны өтіп жатыр, 30 маусымға дейін жалғасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомство азаматтарды шақыру пункттеріне медициналық комиссиядан өту үшін шақыруға қатысты барлық рәсімдер заңнамаға сәйкес жүргізілетінін де хабарлады. 18-ден 27 жасқа дейінгі әскерге шақыру жасындағы жасөспірімдер шақырту қағазы және sms-хабарламалар барған жағдайда медициналық комиссиядан өтуге келуі қажет. 

«Егер әскерге шақырылушы бірнеше рет хабарлағаннан кейін жинау пунктіне келмесе, онда жергілікті әскери басқару органдарының қызметкерлері полиция қызметкерлерімен бірлесіп жалтарушының тұратын және жұмыс істейтін жеріне барады. Шақыру медициналық комиссияның нәтижелері бойынша шақырылушының мерзімді әскери қызмет өткеруге жарамдылық дәрежесі айқындалады. Егер жас жігіт жарамсыз деп танылса, онда сол күні ол жинау пунктінен үйіне қайтады. Егер әскерге шақырылушы қосымша тексеруді қажет етсе, онда ол медициналық мекемелерге жіберіледі», - делінген министрліктің хабарламасында. 

Медициналық комиссия тексеруінен сәтті өткен және қызметке жарамды деп танылған әскерге шақырылушылардың әрбірін әкімнің орынбасары төрағалық ететін шақыру комиссиясы дербес қарайды. Осылайша, әскерге шақыру туралы шешім қабылданады. Сонымен қатар, ведомство шақыру бойынша медициналық комиссия мен әскери қызметтен жалтару әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік ретінде қаралатынын еске салды. Шақыру қағазы бойынша медициналық тексеруге келмеген жағдайда 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Әскери қызметтен жалтару 1 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзету жұмыстарына, не 400 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе одан айыруға әкеп соғады.