Алматыда 1931-1933 жылғы алапат аштықтың құрбандарына тағзым етілді

Алматыда 1931-1933 жылғы алапат аштықтың құрбандарына тағзым етілді
Елімізде 1918 бен 1933 жылдар аралығында 3 миллионнан астам адам қаза тапқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Алматыда 1931-1933 жылғы алапат аштықтың құрбандарына тағзым етілді.  Осында екі жыл бұрын  «Қарағайлы» бағындағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке арнайы барып, гүл шоғын қойған қала әкімі Бауыржан Байбек қазақ халқының алмағайып кезеңдерді бастан аз кешірмегенін, бірақ сонда да болашаққа деген үміті мен сенімін жоғалтпағанын атап өтті. Дүйім жұрт зұлмат кезінде жазықсыз жапа шегіп, ғұмырлары қиылған аяулы азаматтарды бір минуттық үнсіз еске алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Естеріңізде болса, осыдан 2 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Алматыда ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылған еді. Ауыр қайғы еңсесін басып, аштықтан құр сүлдері қалған баласын құшақтаған ана бейнесіндегі ескерткіш «Қарағайлы» бағында орналасқан.

«Елбасымыз айтқандай, біздің тарихқа жіті көзбен қарап, өткенді ұмытпауымыз осындай нәубеттің қайталанбауы үшін қажет. Халықтың қасіретті кезеңдері əрдайым елдің жадында болуы тиіс. Ұлт тарихи бірыңғай қасіретті кезеңдерден ғана тұрмайды. Бүгінде еліміз ынтымақты бірлігімен, берекелі тірлігінің арқасында еңселі ел, мықты мемлекет болып отыр. Халқымыздың саны да сапасы да артты. Келер күнге деген сенімі нық», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Айта кету керек, Қазақстанда түрлі мәліметтерге сүйенсек, 1918 бен 1933 жылдар аралығында 3 миллионнан астам адам қаза тапқан. 1997 жылдан бері 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Бұл адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған қанды қырғын қасіретті нәубет болып қалары анық.

Новости партнеров