Көлік жүргізушілерін емес, ғарышкерлерді дайындап жатқандай – Нұрлан Нығматуллин

17.04.2019 22:28

Нығматулин медициналық тексерісті өткізу ережелерін қайта қарау керек деп санайды

Парламент Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматуллин елдегі мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін сынға алды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Айтуынша, көлік жүргізуші куәлігін алу үшін азаматтарымыз әбден әбігерге түседі екен.

Мәжілісте өткен жиында Нығматулин Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевке «көлік тізгіндеуге рұқсат беретін құжатты алу үшін қанша талдамадан өту қажет?» деген сұрақ қойды. Министр орынбасарының айтуынша, олардың саны жетеу екен.

«Сіздер жүргізушілерді емес, ғарышкерлерді дайындап жатқан секілдісіздер. Қазіргі жағдай басқа ғой, көз көріп, құлақ естиді деген тесттен өткізсе жеткілікті емес пе?!» – деді ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы.

Сондай-ақ Н.Нығматуллин сараптамадан өту кезінде адамдардың ұзын-сонар кезекте тұрмау керектегін де ескертті.

«Медициналық тексеру мен жүргізуші куәлігін алу базасын құрған кезде адамдарға барынша қолайлы жағдай туғызу қажет. Қазір олар бір кезектен екіншісіне баруға мәжбүр. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен Денсаулық сақтау министрлігі бірлесе медициналық тексеруден өткізудің жаңа ережесін әзірлеңіздер. Ең бастысы, ұсынылатын қызметтердің сапасын жақсарту керек», – деді Мәжіліс төрағасы.