Алматы әкімі автобусқа мініп, жұртты таңғалдырды

 Алматы әкімі автобусқа мініп, жұртты таңғалдырды
Әкім жуық арада 500-ге жуық жаңа автобустың пайдалануға берілетінін айтып, қуантты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек кешегі жексенбілік кеште Панфилов көшесінің бойымен серуендеп қайтты. Балаларын ертіп, автобусқа отырған қала басшысы серуен кезінде алған әсерімен өзінің инстаграм парақшасында бөлісті, деп жазады Stan.kz.

BRT желісіндегі 205 нөмірлі автобусты күтіп тұрған әкім автобус аялдамасындағы қағаз кестеде аталған мартшруттың көрсетілмегенін байқаған. Дегенмен, ол автобустың электронды кестеде көрсетілген уақытса сай, дәл уақытында келгенін айтты.

Байбек сондай-ақ, екі жылда Алматы автобус паркінің 80%-ға жаңарғанын, бірақ әлі де жұмысты қажет ететін жерлер бар екенін атап өтті. Бұдан бөлек, қала басшысы 38-бағытты ескі автобустарыға шағым көп түсетінін де жасырмады. Осы тұста әкім аталған мәселені түзеуге уәде беріп, жақын арада тағы 500-ге жуық жаңа автобустың пайдалануға берілетінін айтып кетті.

«Біз Төле би мен Панфилов көшесінің қиылысына дейін жеттік. Қала тұрғындарының көңіл күйі тамаша. Барлығы күлімдеп, қуанышты жүр. Кафелер мен мейрамханалар келушілерге толы. Жолда біз Гоголь көшесіндегі кітап дүкеніне кірдік. Онда жастардың көп жүргенін көріп, қуанып қалдым», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек кешегі серуен кезіндегі әсерімен бөлісіп.

Осылайша алдымен автобусқа шолу жасаған қала басшысы үйіне метромен қайтқан. Солайша әкім ескі станциялардың барлық жерінде мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға жағдай жасалмағанын, дәретханалардың жоқ екенін байқап, жаңа жобаларда осы кемшіліктердің ескерілетінін айтты.

Ал желі қолданушылары өз кезегінде, әкімге қала үшін жасап жатқан жұмыстары үшін алғыстарын білдірді.


«Алматы қаласы сіздің арқаңызда өзгерді. Қалада серуендеуге арналған қаншама әдемі жерлер пайда болды. Халық арасына шығып тұратыныңыз қуантады. Осылайша, сіз қаладағы мәселелерді сондай-ақ, қарапайым азаматтың өмірін өз көзіңізбен көре аласыз. Осындай бейнежазбалар түсіріп, серуендеуге жиі шығып тұрыңыз. Әкімді автобустан, дүкеннен кездестіргім келеді. Алматы әкімінің мегаполисте жасалған барлық нәрсені қолданатындығын білгім келеді», - дейді желі қолданушылары.


Новости партнеров