Ипотекалық бағдарламаларға өзгеріс енгізілмек

12.09.2024 19:04

Биыл «Отау» және «Наурыз» ипотекасы көктемде іске қосылды

Almaty.tv


Көпшіліктің үй алуына мұрындық болған бірқатар ипотекалық бағдарламаларға өзгеріс енгізілмек. 16 қыркүйектен бастап «Отау» мен «Наурыз» бағдарламаларына өтінім қабылдау басталады. Азаматтардың бірқатар фактіні ескергені жөн. Алдағы уақытта «Отау» мен «Наурыз» бағдарламаларының шарттары теңестірілмек, деп хабарлайды Almaty.tv.

Нақтылай айтсақ, кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары үшін «Отау» бағдарламасының мөлшерлемесі 9 пайыздан 7 пайызға дейін төмендейді. Сондай-ақ бағдарламаға қатысушылары өтініш берер алдында депозит аша алады. Бұрын бағдарламаға өтінім беру үшін, алдын ала депозит ашып, 1,5 жыл бойы қаражат жинау талап етілетін. Енді мұндай шарт алынып тасталды. Тағы бір өзгеріс – несие сомасы артады. Астана қаласы үшін 36 млн теңге, ал Алматы қаласы үшін 30 млн теңге. Бұл қалаларда пәтер алатындарға қойылатын тіркеу талабы алынып тасталады.

Айта кетейік, биыл «Отау» және «Наурыз» ипотекасы көктемде іске қосылды. Бағдарламаларға қатысу үшін ерлі-зайыптылардың және олардың кәмелетке толған балаларының соңғы 5 жылда атында баспанасы болмауы керек. Алғашқы жарна – 20 пайыз. Ең маңыздысы, ипотекаға ниетті азаматтардың шотында 1 млн теңге депозиті болуы шарт. Аталған бағдарламалар бойынша жаңа баспана мен қайталама нарықтан тұрғын үй сатып алуға болады. Микроқаржы ұйымдарының жұмысында да жаңашылдық бар.

Микрозайм мамандары қарыз алушыларды артық мазалай алмайды. Талқылауға түскен құжатқа сүйенсек, қызметкер азаматтарды тек жұмыс күндері сағат 8:00-ден сағат 21:00-ге дейін мазалауға құқылы. Оның өзінде қоңырау шалу немесе үйіне бару аптасына үш реттен аспауы керек.

Айта кететін бір жайт, микроқаржы ұйымының өкілі хабарласқан кезде өзін толық таныстырып, ұйым туралы ақпар беруге міндетті. Сондай-ақ берешек сомасы, сыйақы мен комиссия және өсімпұл көлемі толық айтылуы қажет.

Оқи отырыңыз: Таза Қазақстан: Алматыда жасыл қорды жақсарту жұмыстары жүріп жатыр