Шетелдік мамандарды тартуға тура келеді
Атом электр стансасы жұмыс істеуі үшін 2 мыңнан астам маман қажет. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«АЭС – бұл сатып алып, үйге, кез келген жерге орната салатын қарапайым жабдық емес. Оны тек салып қоймай, жабдықты пайдалану - жұмыстың маңызды кезеңдерінің бірі саналады. Қауіпсіз пайдалану – бұл ең алдымен кадрға байланысты. Өкінішке орай, Қазақстанда мұндай атом стансасы болмағандықтан жеткілікті дайындығы бар кадрлар жоқ. Ал біз жоспарлап отырған екі бөшкелі бір стансаны пайдалану үшін шамамен 2 мың тұрақты кадр қажет», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, олар ядролық физикаға қатысты салалық білімге ие қызметкер болуы тиіс. Сондықтан белгілі бір кезеңге дейін шетелдік мамандардың күшіне жүгінуге тура келеді. Сонымен қатар қазір жергілікті мамандарды дайындау ісі де қолға алынған.
«Олар тәжірибе жинауы тиіс. Бірнеше жыл стансаларда жұмыс істеуі қажет. Мұнымен айналысып жатырмыз. Станса құрылысы аяқталған сәтке қарай осы 7-10 жылдың ішінде мол тәжірибе жинаған мамандардың жеткілікті пулын қалыптастырып үлгереміз деп болжап отырмыз. Дегенмен, стансаны пайдаланудың алғашқы жылдарында мол тәжірибесі бар мамандармен бірге жұмыс істейміз. Яғни, егер де қандай да бір технологияны таңдасақ, онда аталған стансаны бастапқы пайдаланған кезде сыннан өткен мамандармен келісетін боламыз», - деді Болат Ақшолақов.