Семейде ажырасқан отбасылардың саны көбейді

26.01.2020 19:05

Өткен жылы некені бұзу туралы арыз жазғандардың саны 20%-ға артқан

amp.clutch.ua

Семей қаласында өткен жылы ажырасқандар саны біршама өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Семей қаласындағы ақпарат орталығында өткен баспасөз мәслихаты барысында сот өкілдері өткен жылды қорытындылады. Қалалық сот төрағасы Нұржан Әбдікәрімовтің айтуынша, өткен жылы некені бұзу туралы арыз жазғандардың саны 20%-ға артқан.

«Былтыр 2167 отбасы ажырасуға бел байласа, 2018 жылы бұл көрсеткіш 1744-ді құраған. Осыған орай біз АХАЖ бөлімінде білікті психологтар мен заңгерлер жұмыс істейтін жас отбасыларды қолдау кабинетін аштық. Сондай-ақ былтыр әкімдікпен бірлесіп, Абай кітапханасында татуласу орталығы құрылды. Онда тұрғындар заңгер, нотариус және отбасылық психологтың кеңесін ала алады» - дейді ол.