Жануарларды атқандарға ауыр жаза қолданылады
Маңғыстауда Қызыл кітапқа енген арқар мен қарақұйрықтың саны 18 пайызға артты. Ақжолтай ақпарды «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің ұсынысымен санақ жүргізген «ОхотаЗооПром» мен Алматы зоология зерттеу институтының мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Маңғыстауда арқар саны 1056-ға жетсе, қарақұйрық 250-ден асқан. Сондай-ақ аңдар мен құстардың жайлылығы үшін даладағы 52 бұлақтың көзі ашылды.
– Шөлді және шөлейтті аймақ болғаннан кейін ыстық күндері бұлақ көздері тартылып, сарқылып қалады. Сол себепті жазда аң ауып кетпеу үшін бұлақ көзін ашамыз. Ал нағыз қыста жұт, қуаңшылық болғанда биотехникалық іс-шараларды жүргіземіз, – деді зоолог Мұхаммедрақым Боранбаев.
Зоолог сөз барысында жойылу қаупі бар жануарларды атқандарға жазаның ауыр екенін еске салды. Мәселен бір арқардың құны 17 млн теңгеге пара-пар. Оның өмірін қисаңыз, мұның үстіне тағы айыппұл қосылады. Бүгінде 100-ге жуық адам еңбек ететін мекеме былтыр жаңа 6 автокөлікпен толықты. Мамандар оған дейін табиғат, өсімдік, аң-құстарды қорғау мен толықтыру, көбейту жұмыстарына жаңа техниканың күнделікті қажет екенін айтып, дабыл қаққан.
Оқи отырыңыз: Қорымдағы құрылыс: Маңғыстаудағы аспан астындағы мұражайға кімдер мәйіт жерлеп жүр