Биыл санақты өткізу үшін шарттық негізде аудан, учаске бойынша уәкілдер, нұсқаушы-бақылаушылар, тіркеушілер мен интервьюерлер ретінде барлығы 3412 адам қатысады
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн-брифингте 2021 жылғы халық санағының ерекшелігі туралы Алматы қаласы бойынша Статистика департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Еске салсақ, бұған дейін екі санақ өтті – 1999 жылы (14,98 млн қазақстандық) және 2009 жылы (16 млн).
Биыл санақты өткізу үшін шарттық негізде аудан, учаске бойынша уәкілдер, нұсқаушы-бақылаушылар, тіркеушілер мен интервьюерлер ретінде барлығы 3412 адам қатысады.
Халық санағының дайындық кезеңіне 1-30 маусым аралығында Алматы қаласы бойынша 48 нұсқаушы-бақылаушы мен 618 тіркеуші қатысады. Интервьюерлер адамдардың мекенжайы мен санын нақтылау үшін барлық тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды аралайды.
«Интервьюерде тиісті мөрмен расталған куәлік, айналып өтуге жататын объектілердің тізімі бар мобильді қосымшасы бар планшет, сондай-ақ 2021 жылғы Ұлттық санақтың символы бар көк түсті бөкебай пен портфель болады. Интервьюер туралы қосымша ақпаратты sanaq.gov.kz сайтынан білуге болады. Онда республика бойынша интервьюердің тегі, аты, әкесінің аты мен оның куәлігінің нөмірі көрсетілген тізім жарияланады», – деп хабарлады А. Әбілдабеков.
1 қыркүйектен 15 қазанға дейінгі санақта негізгі екпін мамандандырылған интернет-ресурстар арқылы санақтың онлайн режимінде өтуіне байланысты sanaq.gov.kz, е-gov.kz арқылы қол жеткізу тәулік бойы қамтамасыз етіледі. Осылайша санақ барлығына ыңғайлы болады. Бұл дегеніміз – қала тұрғындары қай жерде орналасқанына қарамастан, өздеріне және отбасы мүшелеріне санақ парақтарын толтыра отырып, процедурадан өз бетінше өте алады. Сонымен қатар, өз бетінше өткен әрбір адам телефонға SMS-хабарлама алады, бұл оның санаққа қатысуын растайды.
Дәстүрлі жаппай аралау 1-30 қазан аралығында санитарлық нормаларды сақтай отырып, онлайн-режимде санақтан өтпеген респонденттер арасында өткізілетін болады.
«Санақшылар үйлерді аралайды, олардың әрқайсысында деректерді жинау мен өңдеуді тездететін электронды планшет болады. Бұл адам факторының деректер сапасына әсерін азайтуға, ЖСН қолдану арқылы анықтық деңгейін арттыруға және ақпараттың қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді», – деп нақтылады А. Әбілдабеков.
Планшеттерге мобильді қосымшалар жүктеледі, оның көмегімен интервьюер жіктеуіштер мен анықтамалықтарды қолдана отырып, салынған барлық арифметикалық-логикалық бақылауларды ескеріп,сауалнама жүргізеді. Алынған мәліметтер тікелей жалпы мәліметтер базасына жіберіледі. Деректер заңнама талаптарына сай құпия болады.