Бос уақытында капитан Кариева атыспен және жеңіл атлетикамен кәсіби айналысады
Алматы облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі полиция капитаны Балғын Кариева студент кезінен погон киіп, криминалдық полицияның жедел уәкілі болуды армандаған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның өз мақсатына деген табанды жолының бастауы- криминалистика болып, алғашқы офицер погонын тақты. Жарты жылдан кейін жедел уәкіл болып, содан кейін Қапшағай ҚПБ криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі қызметіне тағайындалады. Екі жылдан кейін Балғын өзінің қалтқысыз жұмысын дәлелдеп, тергеуші болып орналасады. Қазіргі уақытта ол криминалдық полицияның аға жедел уәкілі қызметін атқарады. Осылайша, ол сегіз жыл ішінде арманын ақиқатқа айналдыра білген ару.
«Күнделікті қызмет барысында қоғамның түрлі өкілдерімен тілдесуге тура келеді. Ашу керек қылмыстардың тізімі адам өлтіру, тонау, қарақшылық, ұрлықпен шектелмейді. Сондықтан да бұл бөлімдегі қызмет нәзік жандыларға арналмаған деп жатады», - дейді Алматы облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі полиция капитаны Балғын Кариева.
Бос уақытында капитан Кариева атыспен және жеңіл атлетикамен кәсіби айналысады. Ол 2019 жылы республиканың үздік полицейі "Парасатты полицей – 2019 жыл" атағына ие болды .
«Өз әріптестерім полиция қызметкерлері қатарындағы аруларға махаббат, бақыт, денсаулық және отбасыларына амандық тілеймін. Армандарңызға табандылықпен жетулеріңізге тілектеспін", - деп қорытындылады Балғын Кариева.
Айта кету керек, Халықаралық әйелдер күні қарсаңында полиция капитаны Балғын Кариева ҚР ІІМ-нің 2 дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен марапатталды .