Ол жылап қашқан қыздың соңынан өкшелей қуған
Алматының Орбита-1 ықшамауданындағы № 60 мектеп-гимназиясының маңында 12 жастағы оқушы қызға қолында пышағы бар ер адам шабуыл жасады. Оқушы қыз қашып үлгерген, деп хабарлайды Tengrinews.kz қыздың анасына сілтеме жасап.
Оқиға 19 қарашада шамамен 10:30-да мектептен 500 метр жерде болған. Анасының айтуынша, қыз бала әзер дегенде құтылып, гимназияға қарай қашқан. Ер адам жылап бара жатқан қыздың артынан өкшелей қуған.
"Ол қарама-қарсы келе жатқан, сосын қызымды көріп, артынан еріп, пышақ ұрған. Қызым бір жанымен көріп қалып, бұғып үлгерген. Қызым соққыдан қашып, отырып қалып, ары қарай қашқан. Сол кезде ер адам шалынып құласа керек. Бірақ орнынан тұра сала, аузына келген боқтық сөздерді бората, қайта қуған. Оның қолында пышаққа ұқсас бірдеңе болған. Ер адам қызымның соңынан мектепке дейін барыпты. Видеода қызымның жүгіріп кіргені бар, ал ер адам көрінбейді. Әлбетте мен полицияға хабарладым", - дейді зардап шеккен қыздың анасы Кристина.
Әйелдің айтуынша, қыз бала қатты қорқып қалған және мектепке баруға қорқады. Кристина осындай қылмыстарға күдікті саналған ер адамның интернеттен ер адамның фотороботын тапқан. Бұл сурет Алатау ауданында 2017 жылы болған қылмыстан кейін жасалған фотосурет екен. Сол кезде ер адам 15 жастағы қызды пышақтамақ болған, полиция қылмыстық іс қозғаған, алайда күдіктіні таппаған.
Фотороботты Кристина қызына көрсеткенде, ол өзіне шабуыл жасаған ер адамды таныған.
"Оның жасы шамамен 49-50-де. Қазір бірақ сақалы жоқ. Камералар көп болғанда дұрыс болар еді. Себебі балабақшада орналасқан камера қылмысты түсірмеген. Тек оның артынан жүргенін түсірген. Полицияда осы видео бар", - дейді ол.
№60 мектеп те бұл оқиғадан хабардар. Оқу бөлімінің меңгерушісі Сандуғаш Әбілқасымова ата-аналарға ол жайлы ескерткен.
"Бізде мектепке кіреберісте ғана камера бар - бірақ видеоны қарағанда, онда ештеңе түспепті. Қыз бала қатты шошып қалған, психологтармен сөйлесті, ата-анасын, полицияны шақырдық. Олар осы аумақты қарап шықты, бірақ нәтиже жоқ. Біз барлық ата-анаға ескерттік. Бізде екінші ауысымда алтыншы сынып оқушылары оқиды, алаңдап отырмыз. Егер мектептің автобусы болса, қауіпсіздік мәселесі шешілер еді", - дейді Сандуғаш Әбілқасымова.