Алматыда ЖҚО арқылы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан 1300-ге жуық адам жұмысқа орналастырылды

11.09.2020 в 19:06

Демеушілердің қолдауымен 11 адам өз бизнесін бастады

Алматыда ЖҚО арқылы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан 1300-ге жуық адам жұмысқа орналастырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн-брифинг барысында «Бақытты отбасы» қалалық орталығының басшысы Зульфия Байсақова мен Наурызбай аудандық «Бақытты отбасы» орталығының басшысы Сана Жандай айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында отбасы және бала институтын қолдауға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жүйелі көмек көрсетуге ерекше назар аударды. Алматыда әкімдіктің бастамасымен көп балалы және аз қамтылған отбасыларға арналған 9 әлеуметтік орталық жұмыс істейді.

«Бақытты Отбасы» орталықтары жұмысының барлық кезеңінде көп балалы және аз қамтылған отбасылардың әл-ауқатын жақсарту бойынша орасан зор жұмыс жүргізілді. Үлкен демеушілік қолдау көрсетілді. Көптеген экономикалық проблемалар мен мәселелер шешілді.

«Алматы қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жыл басынан бері көп балалы және аз қамтылған отбасы мүшелерінен 572 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Әлеуметтік жұмыс орындарына – 42 адам, жастар практикасымен 220 адам қамтылды», – деді Сана Жандай.

Сонымен қатар, қоғамдық жұмыс орындарына 487 адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде «Бақытты Отбасы» орталықтарына 42 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды. Қоғамдық жұмыстармен 130 адам қамтылды. Жастар тәжірибесі бойынша орталықтарына 3 адам жұмысқа орналасты. Тұрақты жұмыс орындары – 98 адам және азаматтық-құқықтық келісім бойынша жаттықтырушы ретінде – 62 адам.

Сондай-ақ, өз ісін ашуға көмек көрсету бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Демеушілердің қолдауымен 11 адам өз бизнесін бастады. «Атамекен» – «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында 678 адам өз ісін бастау үшін қайтарымсыз гранттар алды. Оның ішінде: көпбалалы отбасынан 112 адам, аз қамтылған отбасынан 556 адам және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға жататын 10 адам.

Сонымен қатар, Сана Жандайдың хабарлауынша, карантин кезінде «Бақытты Отбасы» орталықтары демеушілердің қолдауымен және қайырымдылық аясында мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеті түрінде – 10 608 отбасына көмек көрсетті. Заттай себеттер, дәрі-дәрмектер, аяқ киім, қаржылық көмек және тағы басқа көмекті – 704 отбасы алды. Сондай-ақ, қиын өмірлік жағдайға тап болған 4 отбасына тұрғын үй сатып алдық.

Бұдан басқа, «Бақытты отбасы» орталықтарында өмірінде қиындықтары бар адамдарға консультациялық қызметтер көрсетіледі.

«Бақытты отбасы» орталықтарында өмірлік қиын жағдайда жүрген отбасының құқықтық, психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық және басқа да мәселелері бойынша ақпараттық-консультациялық және ресурстық қолдау жүргізіледі. Ағымдағы жылдың 8 ай ішінде 29 031 адам кеңес алды», – деді Зульфия Байсақова.

Өзін-өзі дамытумен айналысқысы келетіндер үшін орталықтарда жеке бизнес ұйымдары үшін қажетті құзыреттерді алу бойынша білім беру тренингтері мен семинарлар өткізіледі. Мысалы, жеке өсу, балаларды тәрбиелеу бойынша тренингтер, пішу және тігу курстары, құрақ көрпе, бухгалтерия, шаштараз, бисермен қолөнер, массаж, ламинация және кірпік өсіру, қас архитектурасы, шугаринг, SMM, маркетинг, компьютерлік сауаттылық, аспаздық наубайшы-кондитер, аспаз мамандықтары бар.

Орталықта қосымша онлайн сабақтар өтеді.

«Балаларға математика, орыс, қазақ және ағылшын тілдері, хореография, жылдам оқу, вокал, сауықтыру гимнастикасы, шахмат, сурет және музыка пәндері бойынша онлайн сабақтар беріледі», – деп толықтырды Зульфия Байсақова.

Барлығы 34 517 әйел мен бала онлайн оқытумен және тренингтермен қамтылды.

Өмірлік қиын жағдайда жүрген отбасылармен жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлер үшін біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды. Орталық кеңседе 1991 адам білім алды.