Ел астанасы Нұр-Сұлтанда Тәуелсіздік мерекесіне арналған әртүрлі мәдени шаралар, атап айтсақ, көрмелер, концерттер мен спектакльдердің премьералары өтіп жатыр. Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек бас қаладағы кейбір мерекелік шаралар туралы тікелей эфирде айтып беруге дайын.
– Иә, Өмір. Елордада да шаралардың басым бөлігі елдегі жағдайға байланысты онлайн өтіп жатыр. Дегенмен халыққа ерекше қуаныш сыйлаған шараларды атап өтсек. «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының әртістері «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында» мерекелік іс-шаралар кешенін ұйымдастырды. «Астана мюзикл» театры қала тұрғындары мен қонақтарын музыкалық қойылыммен қуантуда. Театрдың талантты жастары ұлы Абайдың «Айттым сәлем қаламқас» әнін, «Керім-ау айдай» атты белгілі халық әнін орындап, көрермендерді тәнті етті.
Тәуелсіздік мерекесіне арналған жоба «Нұрлы жол» вокзалында өз жалғасын тапты. «Астана мюзикл» әртістері бұл жерде баршаға танымал «Атамекен» әнін орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Теміржолшылардың формасын киіп музыкалық флешмоб бастаған әртістер көрермендерді таңғалдырып, ерекше әсер қалдырды. Жолаушылар да әнге қосылып, патриоттық сезімге бөленді. Ал дәл қазір Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Алтын қыранның» жарық-дыбыстық қойылымы салтанатты түрде өтіп жатыр. Қазақстанның мемлекеттік туын бейнелейтін аспан іспеттес көгілдір түстің аясында ел тәуелсіздігі мен егемендігінің басты нышанына айналған жиырма метрлік Алтын қыран тұр. Символизм тілінде қыран бейнесі – мемлекеттік билікті, кеңдік пен қырағылықты білдіреді.
«Геральдика дәстүрінде аспан түстес көгілдір түс – ашық аспанды, бейбітшілік пен молшылықты, күн – байлық пен құнарлылықты, ал қыран бейнесі күшті, билікті және қырағылықты білдіреді. Кіреберістегі сол жақ қабырғада орналасқан Қазақстан картасы іспетті үлкен медиа-экраннан – еліміздің жазиралы жазығы мен сайын даласын, сондай-ақ мәдениет, спорт және өнердегі жетістіктерге арналған бейнеролик көрсетіледі», – деді ҚР Ұлттық музейінің экскурсия жүргізушісі Назерке Жақсылықова.
– Өмір, елордада көрермендердің қатысуынсыз әлеуметтік желілер арқылы өзге де шаралар өтіп жатқанын тағы бір айта кетейік. Әзірге біздегі бар ақпарат осы. Сөз өзіңде.
– Рахмет. Бізбен елордадан тікелей байланысқа шыққан әріптесім Асылбек Тойбек болатын.