Су тасқыны: Оралда 17 отбасы жаңа пәтердің кілтін алды

03.07.2024 19:07

Бұл пәтерлерді жергілікті билік демеушілер мен кәсіпкерлердің көмегі арқылы үлестіріп берген

Almaty.tv

Оралдағы су тасқынынан зардап шеккен 17 отбасыға су жаңа пәтердің кілті табыс етілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жаңа баспанаға ескі үйі мүлде жарамсыз деп танылған азаматтар ие болды. Бұл пәтерлерді жергілікті билік демеушілер мен кәсіпкерлердің көмегі арқылы үлестіріп берген. Ал жаңа үйді армандап келген Орал тұрғыны Ольга Чепилко түнімен толқып, көз ілмей шығыпты. Айтуынша, алғашында сенбепті. Үш баланы өсіріп отырған жалғызбасты ана ендігіде екі бөлмелі үйдің иесі атанды. Бұған дейін бұл отбасы қала сыртындағы саяжайда тұрып келіпті. Айтып  келмеген апат кезінде тілсіз жау тұрағын тас-талқан етіп, мүлкін шайып әкеткен.  

«Біз өте бақытымыз, қуанышымызда шек жоқ. Енді қала ортасындағы кең, әдемі пәтерде тұрамыз. Менің балаларым да мәз, бұл біздің арманымыз еді. Қасында мектеп, балабақша, дүкен бәрі бар екен. Бұл расымен нағыз бақыт!» – деді қала тұрғыны Ольга Чепилко.

Айта кетейік, апат болған аймақтағы зардап шеккен тұрғын үйлердің техникалық жағдайын анықтау да аяқталды. Тұрғындарға өтемақы төленіп, зақым келген мүліктерге 150 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 550 мың теңгеден жоғары қаржы бөлініпті. Ал өз кезегінде жергілікті билік барлық жұмыс күзге дейін жөнге келеді деп уәде етті.

«Бүгінгі таңда біз қала бойынша 750 пәтерді ұсынып қойдық. Енді 374 тұрғын үй саламыз. Қазір шетінен үйлерді үлестіруді бастадық. Сонымен қатар, бастапқы нарықтан және қайталама нарықтан пәтерлер сатып алып жатырмыз», – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында 19 жастағы қызды жігіті өлтіріп кетті