Алма-Арасан шатқалында 25 арнайы от жағу орны салынып жатыр
2024 жылдың қаңтарынан бері Алматы аумағында құрғақ шөптің жануының 19 дерегі тіркелді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жалын жалпы аумағы 6000 шаршы метрді шарпыған. Төтенше жағдайлар қызметкерлері жазғы маусымда көрсеткіш еселенетінін айтады. Өрт қауіпсіздігін сақтау, оның алдын алу мақсатында сала мамандары орманшылармен бірге Алма-Арасан шатқалында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Бостандық ауданында орналасқан Алма-Арасан шатқалында өрт қауіпсіздігіне байланысты түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сала мамандары рейд барысында 4 өрт жағу фактісін анықтады. 3 адамға әкімшілік хаттама толтырылып, 1 адамға 370 мың теңге көлемінде айыппұл хаттамасын толтырды. Ал бұған дейін 25 адам жауапқа тартылған.
- Іле Алатауы паркінің қызметкерлері полициямен бірлесіп, 25 әкімшілік хаттама толтырды. Оның ішінде әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 367-бабы 3-тармақшасына сәйкес 4 жеке тұлғаға 100 айлық есептік көрсеткіште әкімшілік хаттама толтырылды. Және 21 жеке тұлғаға 505-тармаққа сәйкес жеке тұлғаларға ескерту салынды, - дейді Бостандық ауданы төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Асхат Әмірбеков.
Қауіп күн санап артқандықтан тұрғындар мен қала қонақтарына түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу жоспарланып отыр. Алма-Арасан шатқалында 25 арнайы от жағу орны салынып жатыр.
- Алма-Арасан бойынша жағатын орын болады. Казачка сайында, қалғаны өткел сайында, Аюсайдан жоғары жолында сол жақ бетінде өзен бойында туристерге арналған арнайы орындар ашылады, - дейді Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркінің аға инспекторы Нұрым Жаманқұл.
Түсіндірме жүргізу кезінде мамандар таулы аймақтардағы белгіленбеген жерлерде от жағып, ас әзірлеуге, шылым шегуге, қоқыс тастауға қатаң тыйым салынатынын ескертті. Одан бөлек, өртті болдырмас үшін Бостандық ауданында күні бүгінге дейін 10 гектар аумақтағы шөп шабылып, 17 шақырымдық жер жыртылып қойған.
Рүстем Айткәрім, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы.