Жәрмеңкеде Алматы облысының Қарасай, Жамбыл, Іле, Талғар мен Еңбекшіқазақ ауданынан келген саудагерлер өнімін ұсынды
Алматыда демалыс күндері ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жәрмеңкеде Алматы облысының Қарасай, Жамбыл, Іле, Талғар мен Еңбекшіқазақ ауданынан келген саудагерлер өнімін ұсынды. Сауда-саттық алаңдары қаланың Медеу, Бостандық, Алмалы, Әуезов, Түрксіб аудандарында құрылды.
«Апта сайын шатырлар қойылады. Төлемақысы 18850 теңге айына. Арнайы орындықтарын, орнын береміз. Алмалы ауданы жәрмеңкесінде 118 шатыр бар», – деді «Алматы» ӘКК» АҚ бөлім басшысы Ренат Рабатов.
Ауыл шаруашылық жәрмеңкесі жыл он екі ай, сенбі-жексенбі күндері ұйымдастырылады. Мұндай базарлық өндірушінің өз өнімін арадағы делдалсыз халыққа тікелей жеткізуі үшін жүзеге асады. Ал қала тұрғындарына картоп пен көкөніс, ет, балық, құс етін, сүт пен шұжық өнімдерін нарықтағы бағадан 20 пайызға арзан сатып алуға мүмкіндік туды.
«Шаруа қожалығымыз бар. «Келіңіздер, жәрмеңке бар» деп ылғи айтатын. Бүгін тауарымызды алып келдік, көрсетілген бағада сатылып жатыр», – деді саудагер Роза Әбдірайымова.
«Жәрмеңке өте жақсы. Қымбат, арзан демей жағдайымызға қарай алып жатырмыз. Шөберелеріме әр нәрседен аламын, шүкір Аллаға», – деді қала тұрғыны Зәйтуна Лепісова.