Коронавируспен күресте белсенділік танытқан 343 адам «Халық алғысы» медалімен марапатталды

24.06.2020 00:29

Марапаттау рәсіміне ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және барлық өңірлердегі медаль иегерлері онлайн қатысты

Almaty.tv

Бүгін елімізде «Біз біргеміз» республикалық онлайн-форумы өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай кезінде белсенді жұмыс істеген бір топ азаматты марапаттап, «Халық алғысы» медалін табыстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаңадан тағайындалған марапат медицина, құқық қорғау органдары, әскери сала мамандары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен еріктілерге Олардың ішінде алматылық қоғам белсенділері мен меценаттар да бар.

Президент қазіргідей сын-сағатта қауіпті індеттен қаймықпай, алдыңғы шепте жүрген сала мамандарымен жалпыұлттық онлайн-форумда кездесті. Мемлекет басшысы коронавируспен күресте мемлекет тарапынан теңдессіз шаралар қабылданып жатқанын айтты. Қауіпті індетпен күресу үшін бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік таратылды. Шағын және орта бизнес өкілдеріне бірқатар жеңілдік жасалды. Елбасының бастамасымен құрылған «Біргеміз» қорынан да көлемді қаржы бөлініп, мұқтаж жандарға нақты көмек үлестіріліп жатқанын да тілге тек етті. Осының бәрі бірлігіміздің бекемдігін көрсетеді,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент қауіпті кеселден көз жұмған жандардың жақындарына қайғыра көңіл айтты.

«Бұл аса жұқпалы дерт азаматтарымыздың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп, халықтың әл-ауқатына нұқсан келтіруде. Ең алдымен, осы кеселден қайтыс болған адамдардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Сондай-ақ, вирус жұқтырғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін. Осындай күрделі кезеңде барша жұрт жауапкершілік танытудың қаншалықты маңызды екенін түсінді деп ойлаймын», – деді  ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еліміз бойынша эпидемиологиялық ахуалдың көңіл көншітпей тұрғаны белгілі. Сол себепті  Президент әр адам өзінің, туыстары мен жақын адамдарының денсаулығына  мұқият болуы керек екенін айтты. Бұл – қазіргі заманның талабы. Індетті жеңу – әрбір азаматтың өз қолында екенін атады. Сақтық шарасын ұстану қарапайым қағидадан басталады. Бетперде тағу, тазалық сақтау және әлеуметтік қашықтықты ұстану. Өйткені бұл сіздің және өзге адамдардың денсаулығы үшін аса қажет екенін ескертті.  

«Мен Құқық қорғау органдарының еңбегін де ерекше атап өткім келеді. Елдегі тәртіп сақшыларына аса маңызды міндет жүктеліп отыр. Қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық полицияның мінсіз қызметіне байланысты. Сіздер күрделі Төтенше жағдай кезеңінен абыроймен өттіңіздер. Бүгінде карантин шараларының сақталуын қадағалап, бекеттерде қызмет етіп келесіздер. Бұл – оңай жұмыс емес. Осы ретте, Ішкі істер органдарының барлық қызметкерлерін кәсіби мерекесімен –  Полиция күнімен шын жүректен құттықтаймын», – деді  ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Сондай-ақ, мемлекет басшысы бүгінгі мемлекеттік қызметшілер мен ақ халатты абзал жандарды төл мерекесімен құттықтады. Отан алдындағы сертке берік болғандары үшін алғыс айтты. Коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген әскери қызметкерлер, еріктілер, мемлекеттік қызметшілер, қайырымдылық ұйымдарының өкілдері, журналистер және басқа да белсенді азаматтар зор құрметке лайық деді.  

«Сіздердің арқаларыңызда коронавируспен күрестің күрделі кезеңдерін еңсеріп келеміз. Баршаңызды бейбіт күннің батырлары деуге болады.  Біз өздеріңізді мақтан тұтамыз. Қажырлы еңбектеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Осыған орай, мен «Халық алғысы» атты арнайы медаль тапсыруды ұйғардым. Бұл – осындай қиын-қыстау уақытта аянбай еңбек еткен азаматтарға арналған жаңа мемлекеттік марапат», – деді  ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Пандемиямен күресте елеулі еңбек етіп, жемісті жұмыс істегені үшін республика бойынша түрлі саланың 343 маманы «Халық алғысымен» марапатталды. Оның ішінде 14 қоғам белсендісі мен еріктілер бар. Соның бірі – алматылық Жәнібек Солтанай. 23 жастағы ерікті Президент алдында сөз сөйлеп, еңбегінің еленгеніне қуанды.

«Мен Асфендияров атындағы медицина университетінде оқимын. Оқуды үйден оқып қашықтан жалғастырсам да болушы еді. Бірақ, пандемияға байланысты, сіздің үндеуіңізден кейін, өзім болашақ дәрігер болғандықтан, үйде жата алмадым. Тез арада еріктілер қатарына қосылып, күрестің алдыңғы шебінен бір-ақ шықтым», – деді Жәнібек Солтанай.

Жәнібек  оқуға түскеннен бастап, тек белсенділер қатарынан көрініп келеді. Ол өз курстастарымен бірлесіп, карантин кезінде шетелден келген отандастарымызды қабылдаған. Үш жарым мыңға жуық адамнан ПТР-тест алып, 150 адамнан COVID-19 індетін анықтаған.

«Ешбір дүние халықтың алғысымен тең келмейді деп айтуға болады. Бұл халықтың бізге деген сенімінің жоғары екендігін көрсетеді. Біздің ары қарай жұмыс істеуімізге мотивация. Бар-жоғы жасым 23-те болса да мемлекеттік награда алғаныма қуаныштымын»,  – деді «Қазақстанның медициналық жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі деді Жәнібек Солтанай.

Елде пандемия басталғалы қала әкімдігі жанынан жедел штаб құрылды. Әсел сол топта көпшілікке дұрыс әрі жедел хабар таратты. Адамды ақпарат билейді деген тіркесті сол кезде түсіндім дейді. Себебі әлеуметтік желіні түрлі негізсіз жаңалықтар мен фейк хабарлар жайлаған кезде, шынайы мәлімет беру маңызды міндет болды дейді.    

«Жұмысымыз таңғы 08.00-ден  кешкі 00.00-ге дейін болды, тіпті түнгі 01.00-02.00-ге дейін де жұмыс істедік. Біз жұмысты қашықтан істесек те, шәй тамақ ішуге уақытымыз болмады. Карантин кезіндегі еңбегімізді елегеніміз үшін алғыс айтамын, ризамыз», – деді  «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі Әсел Дағжан.

«Осындай қиын кезеңде елімізбен бірге жұмыла отырып, жұмыс жасау бұл біздің Отан алдындағы перзенттік міндетіміз. Бүгінгі жүргізіліп жатқан марапаттау Елбасының алғыс хатын алып отырмын. Біздің жұмысымызды ескеріп, марапаттап жатқан Елбасына мемлекеттің басшылықтарына алғысымды білдіремін», – деді  Nur otan партиясы қалалық Jas otan жастар қанатының төраға орынбасары  Бибінұр Байжігітқызы.

Президент сөз соңында барша елді бір болуға шақырды. Тіпті, осы індеттен аман-есен құтылған соң, Елордамызда азаматтарымыздың ерлігіне арналған ескерткіш қою мәселесін де көтерді. Пандемияға қарсы науқанға белсенді атсалысқан ел тұрғындарын мемлекеттік наградалармен марапаттау алда әлі де жалғасын таппақ.

Ұлағат Арғын, "Алматы" арнасы