Алматылық такси жүргізуші жолаушыны қала ортасына жеткізгені үшін 23 мың теңге алған. Бұл туралы Алматы халықаралық әуежайының Фейсбуктегі парақшасында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әуежайдың ресми серіктесі AportTaxi жүргізушісі жолаушы әйелді әуежайдан қаланың орталығына дейін жеткізгені үшін 23 000 теңге алған. Алайда 17,5 мың теңгеге чек берген.
Мұндай өрескел заңбұзушылықтар туралы жолаушылар жиі шағымданады.
«AportTaxi Алматы әуежайының ресми серіктесі екені рас. Оның барлық көліктеріне фирмалық логотип басылған. Терминалдарда, автотұрақта да оларға арнайы орындар бөлінген. AportTaxi жолаушыларының барлығы төлем туралы түбіртек алады», – деді баспасөз қызметінен.
Қазір әуежай басшылығы бұл дерекке қатысты ішкі тексеру жұмыстарын бастады. Хабарламада айтылғандай, жолаушыға берілген түбіртек жалған болып шыққан. AportTaxi түпнұсқа түбіртегі ашық жасыл түсті болады.
Жолаушы Ресей рублімен төлеймін дегенде жүргізуші қарсы болмаған. Ол әйелге артық төленген ақшасын қайтаруға уәде етті.