32 аудандық аурухана көпбейінді медициналық мекемеге айналады
32 аудандық аурухана көпбейінді медициналық мекемеге айналады. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Менің тапсырмаммен Президент Әкімшілігі «Қолайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» екі ілкі ұлттық жобаларын әзірлеуді үйлестіреді. Олардың нақты міндеті және жүзеге асырылу мерзімі бар, нақты нәтижелерге бағытталған. Не жайында екендігін еске сала кетейін. «Қолайлы мектеп» ұлттық жобасы заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған, жаңа құрылыс стандарттары бойынша шамамен 840 мың оқушы орны құрылысын көздейді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, «Ауылдық денсаулықты жаңғырту» ұлттық жобасы барлық ауылды қажетті медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ол 800 мыңнан астам адам тұратын 650 елді мекенді қамтиды. 32 аудандық аурухананы көпбейінді медициналық мекеме деңгейіне дейін жаңарту жоспарланған.
«Нәтижесінде шұғыл және орташа технологиялық медициналық көмек алу үшін арақашықтық 500-ден 200 шақырымға дейін қысқарады. Үкімет бюджеттік процесс аясында осы жылдың қыркүйегіне дейін барлық есебін жүргізуі және аталған ұлттық жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті шаралар қабылдауы қажет», - деді Президент.