Сарапшы санақтың былтыр өтуі тиіс екенін, бірақ пандемияға байланысты бұл мерзім 1 жылға кейінге шегерілгенін атап өтті
Қазақстанда 1 қыркүйекте Жалпы халық санағының екінші кезеңі басталды. Айдың соңына дейін ресми сайтта онлайн режимде сұрақтарға жауап беруге болады. Қазақстандықтармен офлайн сұхбат 1 қазанда басталады. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының аға оқытушысы Еркін Ноғайбаев халық санағы не үшін қажет, ол қандай міндеттерді орындайтыны туралы айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Сарапшы санақтың былтыр өтуі тиіс екенін, бірақ пандемияға байланысты бұл мерзім 1 жылға кейінге шегерілгенін атап өтті.
«Санақты осы жиілікке сәйкес өткізу өте маңызды. Бұл әлемдік тәжірибе. Біздің елде халық санағы соңғы рет 2010 жылы жүргізілді. Санақ нәтижесінде алынған мәліметтер елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жоспарлары мен бағдарламаларын нақтылы жасау үшін маңызды. Бұл мемлекеттік мүдде тұрғысынан», – деді Е. Ноғайбаев.
Оның пікірінше, Қазақстанның, оның ішінде Алматы қаласының әр тұрғыны санақ мемлекеттің болашақта табысты дамуы үшін қажетті шара екенін түсінуі керек.
«Санақ мәліметтерінің жиынтығы біздің халықтың түрлі аспектілері мен ерекшеліктерін қамтиды. Сіздің үйіңіз қандай материалдан салынғандығы туралы сұрақ бар. Кейбіреулер бұл сұрақты дұрыс түсінбеді, бірақ жауап өте қарапайым – тұрғын үй салынған материалды талдай отырып, жалпы тұрғын үй қорының жай-күйі, біздің азаматтардың өмір сүру жағдайы туралы қорытынды жасауға болады. Сұрақтардың диапазоны мүмкіндігінше алуан түрлі, алынған мәліметтерді талдағаннан кейін жан-жақты сурет салуға болады», – деп атап өтті сарапшы.
Е. Ноғайбаев санақ мәліметтері ғалымдар – демографтар, әлеуметтанушылар және т.б. үшін өте маңызды екенін атап өтті. Олардың барлығы, сарапшының айтуынша, нәтижелерді асыға күтіп жатыр.
Оқытушы 2021 жылғы халық санағының форматы туралы өз пікірін айтты.
«Санақ онлайн режимінде де өтіп жатыр. Бұл қазіргі кезде қалыпты жағдай. Айтпақшы, пандемия жиі айтылатын қашықтан оқыту біздің елде сәтті жүзеге асырылғанын көрсетті. Білім берудің бұл түрі әлемде бұрыннан бар еді, бірақ Қазақстанда ол енді ғана енгізіле бастады. Енді мұндай жағдайлар пандемиямен бірге дамыды, бүкіл ел қашықтан оқытуға көшті, барлық мектептер мен барлық университеттер, мұғалімдер, студенттер онлайн режимінде білім алу мүмкіндіктерін пайдалана алды», – деді Е. Ноғайбаев.
ҚазҰУ оқытушысының пікірінше, белгілі бір жетістікке, қашықтықтан оқыту бағытында ілгерілеуге қысқа мерзімде қол жеткізілді. Дәл осылай, халық санағында қолданылатын онлайн сауалнама ыңғайлы, шығыны төмен, ақырында ол дамудың қазіргі заманғы шарттарына сәйкес келеді.
Е. Ноғайбаев жиналатын ақпарат түрлі салалардағы, әсіресе әлеуметтік-экономикалық саладағы мамандарға өмірлік қажет екенін ерекше атап өтті.
«Мысалы, отбасын алайық, біз отбасында кірістерімізді, шығындарымызды, жинақтарымызды жанұяның әр мүшесінің мүмкіндіктері мен қажеттіліктеріне қарай жоспарлаймыз. Егер оған бүкіл ел аумағында қарайтын болсақ, қажетті ақпарат жинаймыз, ауқымды шараларды жоспарлаймыз және бұл өте қажет», – деді сарапшы.
Е. Ноғайбаев кез келген әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламалары әзірленген кезде зерттеулер әдетте белгілі бір нақты бағытқа – білімге, денсаулық сақтауға, ауыл шаруашылығына әсер ететінін ескеру қажет екенін атап өтті. Ал, жалпы санақтың маңыздылығы – бір уақытта бүкіл елді, барлық негізгі бағыттарды қамтиды.
«Бұл біздің әрқайсымызға керек, өйткені осы елде тұрамыз. Ең бастысы, үкімет әр азаматтың қажеттілігін ескере отырып, болашақта ойдағыдай жұмыс жасайтын болады», – деді ҚазҰУ аға оқытушысы.