Ерболат Досаев қаңтар оқиғасы құрбандарына құран бағыштады

13.02.2022 19:11

Қасіретті қаңтар оқиғасына 40 күн

Жанарбек Әшімжан facebook-тегі парақшасынан

Алматы әкімі Ерболат Досаев қаланың Орталық мешітіне барып Қаңтар трагедиясында қаза тапқандардың рухына құран бағыштап, тірілердің тіршілігі үшін құрбан шалды. Бұл туралы ҚР Парламент депутаты Жанарбек Әшімжан facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Бүгін таңғы сағат 8.00-де Алатаудың басын мұнар, бауырын өрт шалған осы қасіретті оқиғаның Қырық күндігіне байланысты Алматы қаласындағы Орталық мешітте әруақтарға бағыштап Құран оқылып, елдің ертеңі үшін тілек тілеп, Жаратқанға салауат айтылыпты. Шаһардың жаңа басшысы Ерболат Досаев Қырық күндікке арнап әруақтардың рухына Құран бағыштап, тірілердің тіршілігі үшін құрбан шалыпты, ниет қабыл болсын!» деп жазды депутат.

Айта кетсек, бүгін  қаңтар оқиғасына қырық күн толды. Қазақстан азаматтары сол қасіретті күндері қаза тапқандарды еске алып жатыр. Таңертең ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев астанадағы Хазірет Сұлтан мешітіне барып, қаза тапқандардың рухына құран бағыштап, құрбандық шалған болатын.