«Алғысымыз шексіз»: Украинадан оралған қазақстандықтар қуаныштан көзіне жас алды

01.03.2022 20:25

Қалған отандастарымызды елге әкелу үшін екінші әуе кемесі Атырау қаласынан Катовицеге ұшып кетті

Almaty.tv

Украинадан эвакуацияланған қазақстандықтардың алғашқы легі кеше түнгі 22:35-те Алматы әуежайына қонды. «Эйр Астана» әуекомпаниясының ұшағы 28 ақпан күні Польшаның Катовице қаласынан шыққан болатын. Бірден Алматыға келіп қонған әуе бортындағы 175 отандасымызды жақындары жылы құшақпен қарсы алды. Almaty.tv тілшісі әуежайда болып, жолаушылармен тілдесіп қайтқан еді.

Құшақ-құшақ гүл, сары-көк түске боялған шарлар. Украинада әскери іс-қимыл басталған уақытта еліне оралуға асыққан жақындарын туыстары осылайша көзіне жас алып күтіп алды. Бірі баласының, бірі қызының, басқалары ата-аналарының өмірі үшін уайымдап, 4 тәулік бойы көз ілмедік дейді.  

«Қатты уайымдадық. Ең біріншіден, қыз бала болғаннан кейін ата-анасы қатты уайымдады. Өзіміз қатты уайымдадық. Енді асыға күтудеміз», - дейді қала тұрғыны Дастан Тұрлыбеков.

«Әпкем Украиналық азаматқа тұрмысқа шыққан. Қазір 2 баласы бар. Бірақ жездем сонда амалсыздан қалып қойды. Олар Киевке 2 жыл бұрын көшіп барған еді. Біз қатты уайымдадық», - дейді тағы бір тұрғын Ислам Қайыңбаев.

Ал елге оралған отандастарымыз Польша шекарасына өту үшін онда ұзақ кезекте тұрғанын айтты. Барлығы жолға 4 тәуліктен аса уақыт кетіпті. Сондықтан жолаушылар қатты шаршап, зорықтық дейді. Сұхбат барысында есімдерін атаудан бас тартқан қазақстандықтар көз жасына ерік беріп, Украинадағы алғашқы күнін қорқынышпен еске алды.

«Шекарада сұмдық болды. Адамдар көп, кезек бірнеше шақырымға созылған. Бәрі қатты жаурады. Киевтен кеткенде бомбалар жарылып жатты. Ал сынықтар үйлерге түсіп, халық жертөлеге жасырынды», «Соғыстан аман шықтық, Аллаға шүкір. Елшілікке, «Эйр Астана» әуекомпаниясына алғысымыз шексіз. Біз үйдеміз. Украинада 1 жыл тұрдық. Күйеуім сонда жұмыс істеді, мен қасында болдым. Бәрі бомба жарылып жатыр деді. Өте қорқынышты болды», деп әсерлерін бөлісті ұшып келгендер.

«Қонақүйде бізді жертөлеге түсірді. Қорыққан жоқпыз. Өйткені біз не болып жатқанын білмедік қой. Білмеген соң, бәрін еш үрейсіз қабылдадық», - дейді Қазақстан азаматы Шоқан Мұстафин. 

«Жан-жақтан тарсылдаған түрлі дауыс естілді. Айнала түтін, жанып жатқан от болды. 24 ақпан күні ондай қатты болған жоқ. Тек біз шығып кеткеннен кейін 25-і тіптен өршіген», - дейді келесі бір қазақстандық азамат Жансерік Сейітмұратұлы. 

Елге оралған 175 отандасымыздың арасында 6 нәресте мен 15 бала бар. Оларды туыстарымен бірге жедел көмек көрсету қызметкерлері де күтіп алды. Қала әкімдігі жолаушыларды қонақүйге орналастырып, алдағы уақытта да қажет көмек көрсетілетінін алға тартты. Ал «Эйр Астана» әуекомпаниясының президенті Питер Фостер эвакуациялауға толықтай өзі қатысқанын мәлімдеді.

«Өте қиын жағдай болды. Бізге және елшілікке үлкен жауапкершілік артылды. Өйткені құтқару жоспарын жасауымызға тура келді. Ол кезде әскери іс-қимыл басталып кеткен еді. Адамдардың бәрі үрейлі. Ұзақ жол жүргендіктен, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды еді. 100 шақырым жерді жүріп өту үшін 7 сағат уақыт кетті. Ал шекарада 12 сағат тұрдық. Енді мұндай жағдай болмаса екен деп тілеймін», - деді «Air Astana» әуе компаниясының президенті Питер Фостер.

Украинада қалған отандастарымызды елге әкелу үшін екінші әуе кемесі бүгін таңертең Атырау қаласынан Катовицеге ұшып кетті. Барлығы 3 репатриациялық рейс орындау жоспарланған. Жалпы Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 27 ақпандағы жағдай бойынша, 631 қазақстандық азаматтан көшіру бойынша өтініш түскен. 

Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы