Зейнетақы жинағы: 147 мыңнан астам қазақстандық баспаналы болды

13.08.2021 19:11

18 мыңға жуық адам зейнетақы қорындағы қаражатының бір бөлігін емделуге жұмсаған

sputnik.kz

Қазақстандықтар зейнетақы жинағы қорындағы төлемнің белгілі бір бөлігін баспана алуға және емделуге жұмсай алады. Бүгінде зейнетақы төлемін жұмсау саласындағы реформаның игілігін көрген 147 мыңнан астам отандасымыз баспаналы болып отыр. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ-ның баспасөз хатшысы Жанар Жолтаева мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Бүгінгі күні 147 мың қазақстандық үй иесі атанды, тағы 72 мыңнан астамы ипотекалық қарызын өтеді және 18 мыңға жуық адам зейнетақы қорындағы қаражатының бір бөлігін емделуге жұмсады. Олардың үштен бірі – әйелдер (75 493) және үштен екісі – ер азаматтар (161 879). Біржолғы зейнетақы төлемдерін қолдану бойынша бірінші орында Маңғыстау облысының тұрғындары тұр (36 853 адам), олар жалпы сомасы 326 млрд теңге пайдаланған. Екінші орында Нұр-Сұлтан қаласы (36 339 адам), елорда тұрғындары 217 млрд-қа жуық теңге қолданған. Алматы қаласы – үшінші орында (31 438 адам), алматылықтар жалпы сомасы 241 млрд-қа жуық теңгені тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу ақысын төлеуге жұмсаған. Яғни біржолғы зейнетақы төлемін enpf-otbasy.kz платформасы арқылы тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емдеу үшін жұмсауға болады», – деді Жанар Жолтаева.

Оның айтуынша, зейнетақы қорындағы жинағын Маңғыстау облысының 40 пен 59 жас аралығындағы ер азаматтар жиі пайдаланған. Әйелдер арасында Нұр-Сұлтан қаласының 40 пен 59 жас аралығындағы қыз-келіншектері көш бастап тұр.

«Биыл қаңтар айынан қазақстандықтарға тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу ақысын төлеу бойынша бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану мүмкіндігі берілді. Ол үшін арнайы онлайн платформасы іске қосылды. Сонымен қатар ол жерде жеке шот ашу мүмкіндігі де қарастырылған. Осы уақыта аралығында 237 372 адам аталған онлайн қызмет арқылы 1 трлн 344 млрд теңгені құрайтын зейнетақы қорындағы төлемін пайдаланды», – дейді ол

Сондай-ақ, банк өкілі зейнетақы жинағындағы төлемге үйге жөндеу жұмыстарын жасауға да болатынын айтты.

«Одан бөлек, 11 мыңнан астам адам біржолғы зейнетақы төлемін екінші санаттағы үйлерді сатып алуға жұмсаған және 2 мыңнан астам адам бірінші санаттағы тұрғын үйлерді сатып алған. Сол сияқты 100-ден астам тұрғын зейнетақы қорын құрылысқа, қайта және күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсап отыр», – деді Ж. Жолтаева.