Жазушы, ағартушы, жалынды көсемсөз шебері Міржақып Дулатұлының туғанына 135 жыл. Ол санаулы ғұмырында шабытты ақын ғана емес, саяси күрескер де бола білді. Қазіргі таңда ұлы тұлғаның өнегесі қаншалықты дәріптеліп жатыр? Міржақып мұрасы туралы біз не білеміз? Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
«Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты».
Осылай деп қалың қазақтың көзін ашқан Міржақып Дулатұлының туғанына 135 жыл. Жастық шағы патша өкіметінің отаршыл саясатымен тұспа-тұс келген ақын ұлт мәселесіне ерте жастан араласты. Әдебиеттегі жалынды жырларынан бөлек, Міржақып Алашорда үкіметінің бағдарламасын жасауға атсалысқан.
«Қаншама миллиондаған адамның ішінде өмір бойы бір ауыз сөзімен қазақтың тарихында қалу, өмір бойы қазақтың символына айналу оңай емес қой. Міржақыптың «Оян қазақ!» деген бір ауыз сөзі әлі күнге дейін символға айналып келе жатыр. Мынау съездерді ұйымдастыру, қазақ съездерін ұйымдастыру, одан кейін Қытайға барып қаржы жинау, әскер жинау, жалпы қолына қару алып соғысуға дейін бәрінің ортасында Міржақып Дулатов жүрген», – деді филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес.
Ал шығармашылық өмірінде Міржақып өткір тақырыптарды да жиі қозғаған. Міржақыптанушылардың айтуынша, «Қазақ» газетінің биіктен көрінуінің бір себебі осында. Дулатұлы әдебиеттің барлық жанрында жазды. Ал, «Бақытсыз Жамал» романы қазақ әдебиетінде көркем прозалық үлгіде жазылған тұңғыш роман.
«Міржақып Дулатұлы сонымен қатар, «Бақытсыз Жамал» деген бірінші қазақтың тұңғыш романын жазған азамат. Ең бірінші, тұңғыш Санкт-Петербургта 1906 жылы «Серке» деген газет шығарған кісі. Бірінші математикадан, алгебрадан оқулық жазған адам. «Қазақ» газетін шығаруға, Алаш партиясын бүкіл үлес қосқан ұлы қазақтың азаматы. Ұлы қазақтың азаматының әруағы қазақ халқын жебей жүрсін!» – деді тарих ғылымдарының докторы, міржақыптанушы Марат Әбсеметов.
Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылығы әлі де толымды зерттеуді қажет ететіні белгілі дейді ғалымдар. Ал, оның ұлтқа деген сүйіспеншілігі мен шығармашылық өнегесі әрдайым ұрпақ жадында қалатыны сөзсіз.
Мадина Оқас, Ғани Қалуов «Алматы» телеарнасы