|
21.08.2023 | 14:12
2037

Биыл жасөспірімдер арасындағы қылмыс 11 пайызға өскен

ІІМ ақпарынша, жасөспірімдер ұрлық жасайды, тонайды

Биыл жасөспірімдер арасындағы қылмыс 11 пайызға өскен inbusiness.kz

Жасөспірімдер арасындағы қылмыс азаймай тұр. Көрсеткіш 7 айда 11 пайызға өсіпті. Мұндай деректі ІІМ мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

ІІМ ақпарынша, жасөспірімдер ұрлық жасайды, тонайды. «Үйдегі тәрбиенің жоқтығы, бала қадағаланбағандықтан ойнап жүріп, от басады» дейді министрлік өкілдері. Биыл бала тәрбиесіне бей-жай қараған 6 мың ата-ана жауапқа тартылды.

Бозбала мен бойжеткендер арасындағы ұрып-соғу, ұрлық, қарақшылық көш бастап тұр. Өзгенің мүлкін ойланбастан иемдену жастар үшін оңай олжаға айналған. Жыл сайын заң талабымен жазаланатын жасөспірімдердің кемінде біреуі бас бостандығынан айырылады. Соңғы жарты жылда кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына қараусыз қалған 2,5 мың бала жеткізілген.

– Ата-ана қарауынсыз балалар үйден тыс және ойын-сауық орнында ұсталады. Биыл 64 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ойын-сауық орындарының 1,5 мың иесі кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта мекемеге кіргізгені үшін әкімшілік жазаға тартылды. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына қараусыз қалған 2,5 мың бала жеткізілді, – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы  Лейла Әліпбаева.

Қазір жасөспірімдер түнгі уақытын үйлерінде емес, ойын-сауық орындарында өткізуге әуес екен. Министрлік өкілі «бұл үрдіс кәмелетке толмаған бала үшін қалыпты жағдайға айналды» дейді. Жыл басталғалы көше кезіп, көңілді кеш қуған 1,5 мың бала әкімшілік жазаға тартылған. Балалығының дәмі кетіп үлгермесе де, ащы судың дәмін татып үлгергендер де бар. Қоғамда белең алған кеселдің кесірін әлеуметтанушы үйдегі тәрбиенің осалдығымен байланыстырады.

– Пандемия кезіндегі статистика бойынша жасөспірімдер қылмысы аз болған.  Ұрлық, тонау, агрессия, балалардың бірін-бірі ұрып-соғу саны да кеміген. Онлайн кезеңде бала тұрмақ, үлкендердің өзі қоғамға деген көзқарасы өзгерді. Соның салдарынан балаларда қылмыстық психология күшейді, – деді әлеуметтанушы Мақсат Жақау.

Жыл басынан бері 64 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 2500 бала қараусыз қалып кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына табысталған.

– Соңғы 3 айды алатын болсақ, жазда бала не мектепке, не үйірмеге, не балабақшаға бармайды. Ата-анасы ертелі-кеш жұмыс істейді. Қараусыз қалған балалар жағымсыз ортаға түседі, көшеде жүреді, қылмыс істейді. Сондықтан ата-ананың жауапкершілігін арттыру керек, – деді психолог Ержан Мырзабаев.

Қолдағы телефон да жас өскіннің санасын улап келеді. Биылдың өзінде ел аумағында 12 мыңнан астам шетелдік сайттың қызметі шеттетілді.Үйдегі баланы теріс жолға бағыттап, жеткіншектердің тұманданған ойына одан сайын салмақ салады. Қоғам дертіне жол бермеудің жалғыз жолы – тәрбие.

Кәмшіт Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана


Оқи отырыңыз: Ақтауда бес баланың әкесі мен 14 жастағы қыз суға батып кетті

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир