Жылқылар Аққулы ауданындағы фермерлердің біріне тиесілі болған екен
Павлодар облысындағы көлдердің бірінен мұз болып қатып қалған 26 жылқы табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция жоғалған табынды іздеу кезінде өлген жануарларды тапқан. Жылқылар Аққулы ауданындағы фермерлердің біріне тиесілі болған екен.
Полиция мәліметінше, ер адам жануарлардың жоғалғаны туралы 4 желтоқсанда хабарлаған.
«Мал иесінің айтуынша, 1 желтоқсанға қараған түні Қазы ауылынан 10 шақырым жерде орналасқан жайылымнан белгісіз біреулер 26 жылқы ұрлаған. Бірнеше күн бойы ол жоғалған жылқыларды өз бетінше табуға тырысқан, бірақ іздестіру жұмыстары нәтиже бермеген соң полициядан көмек сұраған», – деді Аққулы ауданының полиция бөлімінің басшысы Тасқын Бодиев.
Оның айтуынша, жоғалған жылқыларды тек аудан полицейлері ғана емес, сонымен қатар шекаралас аймақтар да іздеген. Бірнеше жұмылдыру топтарына бөлінген қызметкерлер жақын маңдағы барлық аумақ пен жайылымдарды тексерген, барлық шаруа қожалығы, мал жайылымдары, фермаларда іздестрілген.
«6 желтоқсанда іздеу нәтижесінде Қазы ауылынан 15 шақырым жерде орналасқан Борлы көлінен 26 жылқының мәйіті табылды. Жануарлар мұз болып қатып қалған», – деді Бодиев.