Шамалғандағы апаттан бір жыл өткеннен кейін жаяу жүргіншілерге арналған көпір ашылды

© Sputnik / Тимур Батыршин
© Sputnik / Тимур Батыршин
Құрылысқа жергілікті бюджеттен 365 млн теңге жұмсалған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында пойыз бен автобус соқтығысқан Шамалған стансасы маңында жер үсті өткелі халық игілігіне берілді. Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов көпірді салтанатты түрде ашты. Жаңа нысан, қауіпсіздік мәселесін шеше ме? Тұрғындардың пікірі қандай? Almaty.tv тілшісі  Өмір Әнуарбек тарқатсын.  

Бұл бір жыл бұрын болған оқиға. Жантүршігерлік жағдай талай жұрттың қабырғасын қайыстырды. Былтыр 15 қыркүйек кешкі уақытта Шамалған стансасында пойыз рельсте тұрып қалған автобусты жоғары жылдамдықпен келіп бүйірінен соққан. Апаттан автобус жүргізушісі мерт болып, 3 адам ауыр жарақат алды. Сол кезде Жібек жолы аулының тұрғындары тез арада көпір салып беруді талап еткен болатын. Өйткені бұл жерде бұдан басқа да апаттар орын алып келген. Бүгінде қауіпті аймақ атанып кеткен жерге жер үсті өткелі салынған. Көпірдің ашылу рәсіміне келген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жұртты құттықтап, қауіп бетінің қайтқанын айтты.    

«Осы жердегі адамдар қиналып, қаза болған да жағдай болды. Қазір мынау жұмыс бітіп, жиналып соның ашылуына келіп отырмыз. Мен сол кезде халық үшін біз өзіміз жергілікті бюджеттен мынадай көпір жасап береміз деп уәде бергем», – деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Облыс әкімі берген уәдесінде тұрды. Жобалық сметалық құжаттамалар мен қаржы бөлу жұмысын тездетіп, бір жыл ішінде құрылысты аяқтады.  

Жібек жолы жұртының көптен күткен көпірі бұл. Өтпелдің биіктігі 9 метр. Ұзындығы 60 метрге жуықтайды. Мұнда кембағал жандарға да жағдай жасалыпты. Оларға арналып арнайы лифт орнатылған. Толықтай отандық өнімнен құрастырылған көпірдің құны 364 милион теңгеген асады.

Жергілікті тұрғындар көпірдің салынғанына дән риза. Өтпелдің барына қуанышты екенін айтып, жауаптыларға алғысын жаудырды.  

Мұнда көпір салынғанымен, мәселе толық шешілмеген. Алматы облысы әкімі Амандық Баталов бір шақырым жерде үлкен жолайрық салынып жатқанын да еске салды. Яғни, бұрынғы жерден көлік те, адам да өтпейтін болады дейді жауаптылар.  

«Осы жерде көп жол апаты болады. Сол үшін мына осы жерден 1 шақырым жерде үлкен жолайрық салынып жатыр. Сол салынғаннан кейін мына өтпелі жол жабылады. Қоршалады. Сонда адамдардың барлығы осы көпірмен өтеді. Осы жер осы ауылды екіге бөліп отырған жер», – деді Облыстық көлік және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жасыбаев.

Өтпелдің ашылғанына қарамастан көпшіліктің көпірмен емес, үйреншікті шойын жолмен өтіп жатқанын әлі де байқауға болады. Жаңа көпірге үйренуге біраз уақыт керек сыңайлы. Айта кетейін, нысан облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық меншігіне беріледі.

Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы  

Новости партнеров