Әкім Мобильділік басқармасына қоғамдық қауіпсіздік мәселесін полиция департаментімен бірге шешуді тапсырды
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың қатысуымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын-алу мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Негізгі міндет – қызмет көрсетудің сервистік үлгісіне басымдық бере отырып, Алматы полициясының жұмысын қайта құру. Учаскелік инспекторлар, патрульдер қала тұрғындары мен қонақтарына олардың мәселелерін шешуге көмектесулері тиіс.
«Қоғамның басты талабы – сапалы және қолжетімді медициналық қызмет, білім мен қоғамдық қауіпсіздік. Біз осыларды қамтамасыз етуге тиіспіз»,– деді кеңесті ашқан Бақытжан Сағынтаев.
ІІМ-нің басшысы полицияның жедел басқару орталығын модернизациялау және ЖБО-да видеобақылау жүйесін интеграциялау жоспарлары туралы айтты. Жол оқиғалары ерекше назар аударуды қажет етеді. Жыл басынан бері қарай мегаполисте 4 мыңға жуық жол апаты болған.
«Біз қазіргі кезде халық саны мен автомобиль трафигінің көп болуына қарамастан пәрменді шараларды қолдана отырып, жолдардағы апаттар мен өлім-жітімді күрт азайтқан шетелдің тәжірибесін белсенді түрде үйренудеміз», – деп атап өтті ІІМ-нің басшысы.
Қала әкімдігі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, оның ішінде заманауи мегаполистердің озық тәжірибесін пайдалана отырып, жол инфрақұрылымын қайта құру жөнінде полицияның бастамаларын қолдайтын болады. Бұлар – «вафельді» белгілер, жолақтар бойынша бұрылыстардағы қозғалыстардың нүктелері, қосымша бағдаршамдар және магистральді көшелердегі бөлгіш қоршаулар.
«Адам өмірін ақшамен өлшеуге болмайды. Қаланың көлік инфрақұрылымы қозғалыстың барынша қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық жағдайларды жасауы қажет», – деп атап өтті Б. Сағынтаев әрі қалалық мобилділік басқармасына бұл мәселені полиция департаментімен бірге шешуді тапсырды.