КВИ бойынша «көк» мәртебесі бар тұрғындар үшін бірқатар шектеу алынып тасталды

25.01.2022 19:13

Пандемияның бүкіл кезеңінде карантиндік шаралардың мұндай кең ауқымды жеңілдіктері болмаған

© Sputnik

Қазақстанда соңғы аптада коронавируспен сырқаттану 1,5 жарым есеге өсті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты. Өткен тәуліктің өзінде 9 мыңнан астам адам індет жұқтырған. Ал қауіпті дертке шалдыққан 407 науқастың жағдайы ауыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Коронавирус инфекциясының «омикрон» нұсқасының таралуы барлық елде байқалып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірінің деректері бойынша соңғы екі аптада 54 елдің 43-інде ауру өрши түскен. Қазақстанда да науқастардың саны күрт көбейді. Әсіресе Ақтөбе облысында сырқаттану 53 есеге артқан. Сонымен қатар Маңғыстау, Атырау, Қызылорда облыстарында және Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында да жағдай мәз емес. Абырой болғанда, өлім-жітім барлық өңірде төмен дейді еліміздің бас дәрігері.

«Коронавирустың күрт өсуі республикадағы инфекциялық ауруханалардың толуына әсер етті. Соңғы айда инфекциялық төсек-орындардың науқастарға толуы 18 пайыздан 38 пайызға дейін екі есе ұлғайған. Төсек қорының 50 пайыздан астам қамтылуы Нұрсұлтан мен Ақтөбе, Алматы және Павлодар облыстарында байқалып отыр. 50 пайыздан астам ранимациялық төсектердің толуы Нұр-Сұлтан қаласында анықталды», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Бас дәрігердің айтуы бойынша, вирус жұқтырған адаммен жақын байланыста болған және симптомсыз науқастардың 7 тәуліктен кейін тапсырған ПТР-тесті теріс нәтиже көрсетсе, ары қарай карантинде отырмайды. Ал егер қандай да бір себептермен 7 тәулікке арналған ПТР-тест тапсырылмаса, онда карантин тестті қосымша тапсырусыз 10-шы күні аяқталады. Бұл «Ашық» қосымшасындағы мәртебенің өзгеру мерзімдері қайта қаралумен байланысты болып отыр. Мысалы коронавирус бойынша «көк» мәртебесі бар тұрғындар үшін барлық аймақта бірқатар шектеу алынып тасталды.

«Эпидемиологиялық қауіп аймағына қарамастан «көк» мәртебесі болса, отельдерге, қонақүйлерге, әуежайларға, теміржол, автовокзалдарға, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына, «Қазпошта» АҚ бөлімшелеріне, банктерге, асханалар түріндегі қоғамдық тамақтану объектілеріне, жабық базарларға, білім беру ұйымдарына, СПА-орталықтарға, сән салондарына, облысаралық, облысішілік, қалалық тасымалдауларға шектеусіз кіруге рұқсат етіледі», - деді Ажар Ғиният.

«Жасыл» мәртебесін пайдалану кезінде салтанатты, еске алу, спорт іс-шаралары, көрмелер, форумдар шектеулерсіз өткізіледі. Спорт кешендерінің, сауықтыру және діни, ойын-сауық нысандарының, сауда-ойын сауық орталықтарының, сауда желілерінің қызметіне шектеу қойылмайды. Ал «сары» аймақта 70 пайызға дейін, «қызыл» аймақта 60 пайызға және мейрамханалар, мәдени объектілер, балалар мен ересектер үшін сауда және ойын-сауық орындары бойынша толымдылық ұлғайтылды. Елімізде пандемияның бүкіл кезеңінде бизнестің барлық саласында карантиндік шаралардың мұндай кең ауқымды жеңілдіктері болмаған.

«Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия «Атамекен» палатасымен бірге Мемлекет басшысының бизнеске арналған карантиндік шектеулерді қайта қарау жөніндегі тапсырмасын ескере отырып, тисті іс-шараларды әзірлеуі қажет. Бизнестің жұмысына бөгет жасамай, туындаған проблемаларды бірлесіп шешуіміз керек. Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер вакциналау және ревакциналау жұмыстарын күшейтуі тиіс», - ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Бұдан бөлек, еліміздің бас дәрігері егер карантин шаралары орындалмаса оқушылар онлайн оқитынын ескертті. 600-ден астам оқушысы бар білім беру ұйымдарында толтыру 50 пайыздан аспау керек. Бастауыш мектеп оқушылары штаттық режимде білім алады. Бұл ретте оқыту форматын таңдау кезінде міндетті түрде вакциналаумен қамту деңгейі ескеріледі. Ал жоғары оқу орындары мен колледждерде де сараланған тәсіл енгізілген. Яғни, дәрістер - онлайн, қалған сабақтар икемді кесте бойынша штаттық режимде өтуде.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан