Таразда су жаңа салынған ойын алаңдары тапсырылмай жатып тас талқаны шықты. Тұрғындар балалар алаңы талапқа сай емес дейді. Ал, әкімдік жаппай жасалып жатқан 163 ауланың әлі қабылданбағанын айтып ақталуда. Аймақтағы Almaty.tv тілшісі Мерей Бает тұрғындардың бұл базынасын қаузап көрді.
Тараздық тұрғындар ойын алаңшаларына жарымай-ақ қойды. Мәселен, біз қазір облыс орталығының дәл ортасында отырмыз. Нақтырақ айтсақ, облыс әкімдігі жанында орналасқан тұрғын үйдің ауласындамыз. Мұндағы алаңға балалар ойнамақ түгілі, келуге қорқады. Себебі ата-аналар мына сынды қираған темір терсекке мертігіп қала ма деп қауіптенеді.
Мұндай қорқынышты әрі қауіпті аулалар қаланың барлық жерінде бар дейді тұрғындар. Дегенмен биыл бір үміттің жалыны жанғандай көрінген. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 2 млрд 289 млн теңге бөлініп, 163 аулада абаттандыру жұмыстары басталды. Осы жоба аясында балалар алаңшалары да бір қалыпқа келуі тиіс болған.
Бірақ көп күткен қауаныш халықтың көңілінен шығар емес. 25 мамырда басталған құрылыс жұмыстарының жұмыстары екі-үш ай аралығында бітуі тиіс деген. Бірақ бітіп жатқан аулалар аз. Ал, Мыңбұлақ шағын ауданындағы мына балалар алаңын жаңадан салды деуге ауыз бармайды дейді жұрт. Футбол алаңы тек бордюрмен қоршалып, қоқыс контейнерлерінің жанына салынған. Әлден сынып, жарамсыз күйге жеткен. Сонымен қоса, көрші ауладағы ойын алаңы құрылысы қызу жүріп жатқан қос қабатты ғимараттың жанына жасалған.
Блиц:
– Биыл жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қойған барлық метал конструкциялар құлап жатыр. Баскетбольный алаң жасап беріп еді, ол да құлап жатыр уже. Содан кейін қойылған ойын алаңдары соңына дейін жасалған жоқ.
– Тек бір ғана әткеншек орнатты болды. Әрине балаларға ол жетпейді ғой. Одан соң ойын алаңының ауқымы да өте кішкентай. Ал, шағын ауданда балалар өте көп.
Таразда аула мен ойын алаңдарының мәселесі қазір дауға айналғандай. Себебі жауаптылардың бұл мәселеге жауап беруге құлқы жоқ. Ал, жауапты бөлім мамандары бәрі бақылауда дегеннен әрі аса алмады.
«Мердігерлер ұтып алған. Одан соң бізбен ақылдаспай. өз бетінше жұмысты бастап кеткен. Содан мәселе туындап отыр наразылық. Қазір 163-тің бәрінде жұмыс жасалып жатыр, оның 21-і бітті. Қазір мердігерлерге айтып түсіндіріп жатырмыз», – деді қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Сәкен Балтабек.
Салаға қатысты бөлім басшысының мәліметінше ойын алаңдары мен аулалар қала әкімдігі тарапынан әлі қабылданбаған. Бірақ көз көргендей алаңшалар талапқа сай жасалды дегенге келмейді. Сондықтан әкімдіктегілер 15 күннің ішінде қорытындысын шығарамыз деп отыр.
Мерей Бает, Шыңғысхан Кеңесхан, «Алматы» қаласы