100 шаршы метр үйге кәріз жүйелері толық жүргізіліп, интернет қосылады
Қостанай облысында өрттің кесірінен баспанасыз қалған тұрғындар жақын күндері жаңа қонысына көшеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ертең соңғы үш үйдің шатыры жабылады екен. Алғышында жергілікті азаматтар бұл жерге баспана тұрғызу қауіпті екенін айтып, шағымданған еді. Дәл қасында қамыс өседі, оның үстіне жері құнарсыз деген жұртшылық тұрғызылатын үйдің жертөлесін су басады деген болатын. Бүгін Индустрия министрі Қайырбек Өскенбаев салынып жатқан баспаналарға бір тамшы су кірмейтінін айтып, үйлердің сапасына жоғары баға берді. Министрдің айтуынша, әр 100 шаршы метр үйге кәріз жүйелері толық жүргізіліп, интернет қосылады. Бірақ көшелеріне асфальт биыл төселмейді екен.
«Асфальтты көктемде саламыз. Өйткені қазір салатын болсақ, сапасы болмайды да, ол түсіп кетеді. Сол себепті күте тұрайық дедік. Ол кісілерге де айттық, күте тұрыңдар. Көктемде жақсылап тұрып сол жерге саламыз», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.
Айта кетейін, 2 қыркүйектің Қостанай облысында бірден сегіз жерден өрт шығып, қызыл жалын 43 мың гектар аумақты шарпыды. Тілсіз жау 91 үйді жалмап, толығымен күлге айналдырған еді. Көптеген кәсіпкерлердің шаруасы да оттан зардап шекті. Ал 10 қыркүйекте өңірде тұтанған өрт сөндірілген болатын.