|
04.03.2019 | 14:14
2773

«Әкесі итеріп жіберіп, кетіп қалды»: мүмкіндігі шектеулі 3 баланың анасы мұңын шақты

Жалғызбасты ана мүгедек балалардың әкесі алиментті өмір бойы төлеуі керек деген пікірде

«Әкесі итеріп жіберіп, кетіп қалды»: мүмкіндігі шектеулі 3 баланың анасы мұңын шақты sputniknews.kz

Мүмкіндігі шектеулі үш баланы тәрбиелеп отырған Анар Алмасова өзі сияқты аналарға көпбалалы ана мәртебесін беруді сұрайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның Арыстанбек, Нариман есімді ұлы мен Амаль есімді қызы бар. Үшеуінің де мүмкіндігі шектеулі. Бірақ Анар өмірдегі қиындықтарға қарамастан балаларының болашағына сеніммен қарайды. Тек әкесі балаларын тастап кеткеніне қынжылады. Айтуынша, бұрынғы күйеуімен 7 жыл отасқан. Отбасындағы жағдай балалар дүниеге келген соң шиелінісе түскен.

«Бұрынғы күйеуімнің ата-анасы бізге «ауру немерелер керек емес» деді. Басында ол анасын тыңдаған жоқ. Соңында шешесі бізді ажыратып тынды. 7 жыл бірге тұрдық. 2009 жылдың соңында ажырастық. Туған әкесі балаларынан бас тартты. Өткен жылы біз оны көшеден кездестіріп қалдық. Үлкен ұлым кішкентай болса да, «Әкеме барып амандасайыншы» деді. Біз бардық. Балам оны «Әкем» деп құшақтап жатса, ол оны итеріп жіберді де, кетіп қалды. Бұл жағдай жаныма қатты батты. Осыдан соң үлкен ұлым әкесі туралы мүлдем айтпайтын болды. Баланың жанын жаралады. Екінші ұлым әкесін білмейді де, көрмеген де», - деді ол.

Сонымен қатар, Анар Алмасова бұрынғы күйеуінің алиментті де жарытып төлемей жүргенін ашық айтты. Тіпті, ол жұмысынан «жалақым 40 мың теңге» деген анықтама жасатып алыпты.

Жалғызбасты ана екі ұлына 2-топтағы мүгедек деген анықтама ала алмай жүргенін, 2 жастағы қызының да денсаулығы нашар екенін ашына айтты.

«Үлкен ұлым он алтыда, кішісі он екіде. Олар Көкталдағы мамандандырылған мектепте оқиды. Дәрігерлер оларға «ақыл-есі кем» деген диагноз қойды. Үлкен ұлым ақыл-ой кемістігінің жеңіл түріне шалдыққан, ал кішісі сөйлей алмайды. Ұзақ жылдар бойы дәрігерлер оларға нақты диагноз қоя алмады. Осылайша, 2-топтағы мүгедектікті ала алмай жүрміз. Астанада апармаған жерім жоқ. Ресейдегі дәрігерлерге қаратуға менің ақшам жетпейді. Кез келген ана сау баланы қалайды. Осындай үмітпен үшінші баланы тууға шешім қабылдадым. Табиғи жолмен жүкті болдым. Бірақ бұрынғы күйеуімнен емес. Астанадағы жеке клиникаға қаралдым. Сөйтіп, 2016 жылы Амаль есімді қызымды дүниеге әкелдім. Дәрігерлер оған бітеуөзек (атрезия пишевода) деген диагноз қойып, бірден ота жасады. 2017 жылы мүгедектігін алды. Бірақ қызым сал ауруына шалдыққан, жүре алмайды, сүтке аллергиясы бар әрі тамақты жұтып шайнай алмайды», - деді ол.

Анар Алмасованың айтуынша, туғанынан тамақты шайнай алмайтын, жұта алмайтын балалар үшін хирургтер арнайы тамақ қоспаларын тағайындайды. Бұл қоспалардың бағасы 3400 теңгедеген басталады. Оның өзінде ол 3-4 күнге ғана жетеді.

«Біз барлық тамақты оған блендер арқылы өткіземіз. Тіпті, соның өзінде қызым тамақты жей алмай қақалып қалады. Мемлекет осындай мүмкіндігі шектеулі балалар үшін арнайы дүкен ашып берсе нұр үстіне нұр болар еді. Үкіметтен көп нәрсе сұрамаймын. Тек балаларымның жағдайы жақсарса, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған колледждердің санын арттырса екен», - дейді ана.

Сонымен қатар ол мемлекет көмегінің арқасында 9 жылға төмен пайызбен пәтер алғанын қуанышпен жеткізіп, шенеуніктерге алғысын айтты. Ол осы күні мемлекеттен әр баласына 70 мың теңге көлемінде жәрдемақы алып отыр екен.

Анар Алмасова мүмкіндігі шектеулі баласымен «Өмір» тұрғын үй кешенінде тұрады. Оған «Біздің үй» ПИК қызмет көрсетеді. Бірақ жалғызбасты ана олардың дұрыс жұмыс істемей отырғанын, тіпті кей кездері олардан намысына тиетін сөз естігенін жасырған жоқ.

«Біздің үй» ПИК-нің төрағасы Анатолий Вымотовқа автотұраққа «Мүгедек» деген белгісі бар жол белгісін қой десек, «Ол қымбат тұрады, мүгедектер, өздерің сатып алыңдар» дейді. Төрағадан мұндай жауапты күтпедім. Бұл – дұрыс емес. Менің білуімше, басқа ПИК-терде мүгедектер үшін мұндай жол белгісін олар өздері сатып алып, тегін қояды. Неге мүмкіндігі шектеулі жандар оны сатып алуы керек», - дейді жалғызбасты ана.

Осы орайда ол кейбір кездері күйбең тірліктен шаршап кететінін ашық айтты.

«Менің ойымша балаларың қандай болса да, оларды өмірге әкелген соң, бағу сенің міндетің. Мен анамын. Мен оларсыз өмір сүре алмаймын, әрі өмірімді оларсыз елестете алмаймын. Ал баланы тастап кету – үлкен күнә. Осындай қадамға барған аналардың қалай өмір сүретінін түсінбеймін. Балалы болу – бақыт. Әрине, мен жалғыз қалған кезде уайымдайтын сәттерім болады, жылап та аламын. Кейбір кездері шаршап кетесің», - деді Анар Алмасова еріксіз көзіне жас алып.

Оның айтуынша, мұндай сәттерде оған балалары көмекке келеді екен.

«Бір күні үлкен ұлым жылап отырғанымды көріп қойды. Мама «Неге жылап отырсың?» деді. Арыстан балам «Анаң бақытты ма?» дедім. Ол маған «Әрине, анашым сіз бақыттысыз. Біз сіздің бақытыңызбыз» деп көңіліме медеу берді. Сондықтан уайымға беріліп, дүниеден түңілудің қажеті жоқ. Керісінше, олардың жарқын болашағы үшін күресу керек. Мен қызымның жүргенін, үлкен ұлымның аспаз болғаннын қалаймын», - деді ол арманымен бөлісіп.

Сонымен қатар Анар Алмасова Астанадағы бес баланың өліміне қатысты оқиғаға жеке пікірін білдірді. Оның айтуынша, кейбір аналар өзгенің қайғысын пайдаланып, пайда тапқысы келген.

«Бізге де пәтер берілмеді деп байбалам салды. Бұл менің жеке пікірім. Адамдар онымен келіспеуі мүмкін. Көпбалалы аналар мемлекеттен жағдайды жақсартуды талап етіп жатыр. Бір жағынан олар баланы өздері үшін тапты ғой. Олар менімен жағдайын салыстырсыншы. Ата-анасы балаларын дұрыс тәрбиелеп оқытса, олар есейіп әке-шешесіне көмектеседі ғой. Ал мүгедек балалардан қандай көмек күтесің, олардан қандай қайыр бар? Менің ойымша, біріншіден  мемлекет «ерекше» балаларды ойлауы керек. Бізге де көпбалалы ана мәртебесін беруі қажет»,  - деді жалғызбасты ана.

Сөз соңында ол мүмкіндігі шектеулі аналарға балаларын спортқа беруге кеңес беріп, екі ұлының бочче, таеквондо секциясына барып жүргенін қуанышпен жеткізді.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир