Алматы полициясы жүргізушілерге ескертпе жасады

23.08.2024 19:14

Потрульдік полиция қызметкерлері ауқымды және жергілікті іс-шара өткізіп жатыр

Almaty.tv

Қазақстан Республикасының Жол қозғалысы ережелерін сақтау және бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Алматыда патрульдік полиция полкінің және мамандандырылған батальонының қызметкерлері ауқымды және жергілікті іс-шаралар өткізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы қаласының Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өткен демалыс күндері ғана қала жолдарында 1200 құқықбұзушылық анықталды.

Тәртіп бұзушыларды анықтау – біздің бақылауымызда. Жыл басынан бері қарама-қарсы жолаққа шығып кеткені үшін – 690, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі бар көлік құралын басқарғаны үшін – 254, мемлекеттік нөмірі жоқ көлікті басқарғаны үшін – 991, көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін – 1540, көлік құралын жүргізуші куәлігінсіз басқарғаны үшін – 3971, апаттық жағдай туғызғаны үшін 6848 жүргізуші жауапқа тартылды, – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.

Осыған байланысты қала полицейлері жол қозғалысына қатысушыларды жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауға шақырып, "жазаның бұлтартпастығы" қағидасын еске салды.

– Күн жылысымен көлікті қатты жүргізуге құмар жүргізушілер көбейеді. Сәйкесінше жол ережесі бұзылады. Жастар қауіп тудырып, қала көшелерімен жарыс ұйымдастырады. Сонымен қатар олар көліктерін түрлендіріп, тыйым салынған жабдықты, оның ішінде қатты дыбыс шығаратын резонаторларды орнатады. Бұл қала тұрғындарының әділ сынына себеп болуда. Осындай деректердің жолын кесу мақсатында алдыңғы шептегі полиция бөлімшелері апта сайын рейдтер жүргізеді. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табады. Бұл шаралар жолдардағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған, – деді Шумаев.