Ерболат Досаев мұнай бағасының өсуі теңгенің 21,27 теңгеге нығаюына ықпал еткенін жеткізді
Ұлттық банк төрағасының мәлімдеуінше елімізде азық-түлік қымбаттады. Үкімет отырысында жасаған баяндамада, Ерболат Досаев биыл наурызда инфляция 6,4 пайызға дейін көтерілгенін, осылайша 2020 жылға белгіленген 4,6 пайыз нысаналы дәлізден асып кеткенін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Қант 8,5 %-ке, көкөністер мен жемістер 5,1%-ке, қарақұмық жармасы 2,5%-ке қымбаттады. Соның нәтижесінде ағымдағы жылдың наурызында азық-түлік тауарларының айлық инфояциясы 2017 жылдан бергі барынша жоғары мәнге жетіп, 1,7% болды», – деді ҚР ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫ ЕРБОЛАТ ДОСАЕВ
Бұдан бөлек, Ерболат Досаев мұнай бағасының өсуі теңгенің 21,27 теңгеге нығаюына ықпал еткенін жеткізді. Айтуынша, биылғы наурызда теңгенің айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 447,7 теңгеге дейін әлсіреп, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және алыпсатарлық мәмілелерді шектеу мақсатында Ұлттық банк интервенция жүргізді. Сондай-ақ, валюта ұсынысының төмендеуі және теңгенің айырбастау бағамына күрт қысым жасау талаптарында валюталық сауда-саттықта алғаш рет Франкфурттық аукцион әдісі іске қосылды. Бұл бағамға алыпсатарлық қысымды төмендету үшін жасалған қадам.