Бұл күні достық дәріптеледі
Бүгінде елімізде 150-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, тіршілік кешіп жатыр. Сондықтан, тәуелсіз Қазақстаны тек иісі қазақтың ғана емес, түрлі халықтың басын қосқан құтты шаңырақ. Бұл күні достық дәріптеледі. Татулықты нығайтатын түрлі шаралар өткізіледі. Алматының тұрғындары да мерекеден қалыс қалмай, бірлік күнін ерекше тойлауды әдетке айналдырған деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Наурызбай ауданының тұрғындары бірлік күнін ерекше думандатып бастады. Бірі ән мен жырдан шашу шашып, өнерлерін ортаға салса, ендігілері ерекше көрме ұйымдастырған. Онда бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатқан әрбір ұлт өкілдері өздерінің ұлттық құндылықтарын насихаттады.
Статистика агенттiгiнiң мәліметінше, Қазақстанда қазақ ұлтының үлесi 63 пайыздан асса, орыстар – 23, ал өзбектер мен украиндер – 2 пайызды құрайды екен. Сол түрлі этнос өкілдері бүгінгі көңілді думанның көркін келтірді.
Ал, Әуезов пен Жетісу ауданының тұрғындары мерекелік шараны саябақта атап өтті. Қос аудандағы түрлі этно-мәдени орталықтар дәстүрі мен тұрмысынан хабар беретін көрме ұйымдастырыпты. Ондағы ерекшелік – тұңғыш рет кембағал жандардың қолынан шыққан дүниелер көптің назарына ұсынылды.
«Өзіңіз көріп отырғандай, халық көп келуде. Көңіл-күй жақсы. Көп шаралар өткізілуде. Спорттық шара да бар, әдеби шара бар. Мүгедек жандардың көрмесі көрсетілуде. Жақсы деңгейде ұйымдастырылды», - дейді Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Вячеслав ВАВИЛИН.
Ал, Алмалы ауданындағы тұрғындар ақ дастархан жайып, қолөнерлер бұйымдарын паш етті. Тұрғындар өздерінше ерекшеленіп ұлттық киімдерін киіп келген.
«Мен өзім осы Қазақстанда туып өстім. Өзім қазақша да, орысша да сөйлеймін. Қазақ тілін ана тілімнен кем білмеймін деп айта аламын», - дейді татар этно-мәдени орталығының өкілі.
Баршаның баласын бауырына басқан қазақ елі әлемдік аренада орны айшықтамаса, ұтылмағанын да алға тартуда. Алматы қаласы бойынша жұмыс істейтін 33-тен астам этно-мәдени бірлестіктің бірлігі бүгін көрініс тапты.