Корей халқының мәдениеті мен дәстүріне арналған жәрмеңке ұйымдастырылды
Алматыда ай күнтізбесі бойынша кіретін жаңа жыл мерекесін атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Соль Наль» деп аталатын мерекелік іс-шарада ауқымды концерттік бағдарлама ұсынылды. Корей халқының мәдениеті мен дәстүріне арналған жәрмеңке ұйымдастырылды. Көрермен корей өнерінен сусындап, ұлттық әндер мен қойылымға куә болды. Концертте құрметті қонақ болған Алматы әкімі Ерболат Досаев дүйім жұртты айтулы күнмен құттықтады.
«Сіздерді ай күнтізбесі бойынша келіп жеткен жаңа жылмен құттықтаймын. «Соль Наль» мерекесі – жаңарудың символы, тазалық пен жақсылыққа деген үміттің белгісі. Отбасылық мереке саналатын бұл күн ұрпақ сабақтастыруға, мейірім мен құрметке үйретеді. Бұл үлкен жанұядай болған біздің Алматымыз үшін де маңызды», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
«Соль Наль» мейрамы – 1989 жылдан бері ауқымды түрде аталып өтеді. Республика сарайында ұйымдастырылған іс-шарада 400-ден аса әртіс өнер көрсетіп, көрермен ықыласына бөленді.
«Ай күнтізбесі бойынша шығыс халықтары үшін сакралды саналатын жаңа жыл келіп жетті. Сондай-ақ кәріс диаспорасының Қазақстанда өмір сүріп жатқанына 85 жыл, Корея мен Қазақстан Республикалары арасындағы дипломатиялық қатынасқа 30 жыл, Корей театрына 90 жыл толып жатыр. Сондықтан ауқымды концерт ұйымдастырдық», – деді қалалық корей ұлттық орталығы төрағасының орынбасары Георгий Кан.