№210 мектеп-лицейдегі лагерьде тіл дамыту тобы жұмыс істеп жатыр
Алматы қаласындағы №210 мектеп-лицейде маусым айында «ДЕМАLIKE» жазғы сауықтыру лагерінде «Жас математик», «Айбын», «Қыран», «Құлыншақ», «Тіл дамыту» тобы жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жазғы демалыс орнында 300-ге жуық балдырған уақытын көңілді өткізуде. Олардың ішінде көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балалары қамтылған. Лагерьге келген демалушыларды күнделікті мектеп медбикесі денсаулығын тексеріп, олармен сауықтыру іс-шараларын жүргізіп отырады. Жазғы лагерьде балалардың сапалы тамақтануы да назардан тыс қалмаған. Арнайы бекітілген ас мәзірі бойынша балаларға бір мезгіл тамақ беріледі. «Бала күлкіге тоймас» дегендей, балалардың көңілді демалуы үшін спорттық ойындар футбол, еркін күрес, домбыра, би үйірмелері, шахмат, дойбы, домино, лото, қазіргі заманға сай баланың ой-өрісін дамытуға бағытталған монополия, пазл ойындары, тақырып бойынша тапқырлық, сөзжұмбақ сайыстары ұйымдастырылуда. Бір мезгіл балдырғандар сурет салып, тақпақ жаттап, ән салады. Күн сайын жоспар бойынша таңертеңгілік жаттығу, ертеңгілік сайыс өтеді. Тәрбиешілер әр күнге белгіленген түрлі мерекелік іс-шараларды ұйымдастырып, балғындардың демалысы қызыққа, қуанышқа толы болуына бар күш-жігерін, өнерін аямай жұмсауда. Балалардың демалысы қаншылықты көңілді өтіп жатқандығы жүздерінен көрініп тұр. Себебі олардың саналы да сапалы демалуына барлық жағдай жасалған. Емін-еркін ойнауына арналған арнайы алаңдар, бөлмелер жабдықталған, демалушылар ойын-сауық құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Мұндай қызықты шаралар келесі жылы да жалғасын табады.