Ақтөбе су қоймасында 2 күнде 200 миллион текше метрден астам су жиналған. Ахуалды бақылауға алу үшін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өңірге жұмыс сапарымен барып, ондағы жағдаймен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шығын көлемін азайту мақсатында тораптағы су төменде орналасқан тұрғын үй мен саяжай аумағына қауіпсіз жағдайда жіберілді. Оны «Қазсушар» кәсіпорны мен жергілікті атқарушы органдар және Төтенше жағдайлар департаменті қамтамасыз етті. «Қазгидромет» болжамы бойынша, нысанға тағы 210 миллион текше метр су құйылады. Ал Қарғалы су қоймасына келетін су мөлшері 180 миллион текше метр болуы мүмкін.
– Ақтөбе су қоймасына қазір 600 м/с су келіп жатыр. Бірақ Қарғалы су қоймасындағы судың көлемі көбейді. Сондықтан мақсатымыз – екі су қоймасының жұмысын бірге қарау. Қарғалы мен Елек өзендерінен ағып келген суды қала ішіне жібермей, қауіпсіздік қамтамасыз етуіміз керек, – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Оқи отырыңыз: Орал қаласында Шаған және Деркөл өзендері қауіпті деңгейден асып кетті