|
Қоғам
14.08.2019 | 14:16

Алматы әкімі Наурызбай ауданы тұрғындарын тыңдап, тиісті тапсырмалар жүктеді

Келесі жылы Алатау мен Наурызбай ауданында оқушылар сарайы салынады

Алматы әкімі Наурызбай ауданы тұрғындарын тыңдап, тиісті тапсырмалар жүктеді

Ал, наурызбайлықтарды сел қаупі ғана емес, ауыз су, жол, жарықтандыру мәселесі де қатты алаңдатады. Әкіммен кездесу барысында аудан тұрғындары өздерін толғантатын проблемаларды жіпке тізді. Бәрімен ашық диалог өткізген шаһар басшысы барлығына жауап беріп, тиісті басшыларға тапсырма жүктеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бақытжан Сағынтаевпен кездесуге келген наурызбайлықтардың қарасы көп. Олар көкейде жүрген көкейкесті мәселелерді қала басшысына жеткізіп, тезірек шешілсе деген игі тілек білдірді.  Жиында түрлі саладағы сұрақтар қойылып, оған нақты жауаптар берілді. Халықты алаңдатқан мәселелердің қатарында, қаладағы жарық, мектеп мәселесі, жаңадан кәсіп ашу, аудандағы тыныштық проблемалары бар.

Белгілі болғаны, келесі жылы Алатау мен Наурызбай ауданында оқушылар сарайы салынады,сондай-ақ шеткі аудандарда жаңадан жеке кәсіп ашамын дегендерге әлеуметтік көмек көрсетіледі. Тұрғын үйлердің бірінші қабаттары арзан бағаға жалға беріліп, дүкен ашуға қажетті құрылғылар лизингпен беріледі. Қаладағы жаңа аудандарда медициналық пункттер ашу қажеттігі де айтылды. Ол орталық бір күнде 1500 адамды қамтуы керек.

«Қазір келісіп, үйді жалға алып жатырмыз. Соларды әзірге медпункт ретінде жабдықтаймыз. Бүгін алсақ, ертең құрал-жабдық қойып, бір апта ішінде медпункт ашылады. Ал оған жаңадан ғимарат соғатын болсақ, жер іздеу керек, оған тағы бір жыл кетеді. Ал, күтетін уақыт жоқ», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.