Күйеуі пышақтап кеткен Салтанат ауыр халде жатыр

17.06.2024 23:23

29 жастағы күдікті әлі табылған жоқ

Almaty.tv

Атырауда азаматтық некедегі әйеліне пышақ сұққан азамат әлі табылған жоқ. Сондықтан, полиция қалада бақылауды күшейткен. Ал зардап шеккен келіншек дәрігерлердің бақылауында, деп хабарлайды Almaty.tv.

Адам шошырлық оқиға 9 маусымда болған. Салтанаттың түнгі ауысымда жүріп, дәретханаға барған беті сол еді.  Жұдырығы жуан азамат әйелді алдымен бірнеше рет тепкінің астына алып, кейіннен мойнына пышақ сұғыпты. Үш айдан бері дүкенде оператор болып жұмыс істейтін Салтанаттың әріптестері «күйеуін бір-екі рет жұмысқа келгенде ғана көрдік, ерсі мінезін байқамадық» дейді.

– Жеке таныс емеспін. Бірақ күйеуінің келіп жүретінінен хабарым бар. Ішімдік ішкенін де көрмеппін. Ал Салтанат жұмысына жауапты, ашық-жарқын келіншек. Жұмыста ешқашан ерсі қылық танытпады. Оқиғаның өзін бейнекадрдан ғана көрдім, – деді Салтанаттың әріптесі Наталья Пак

«Салтанаттың мінезі ашық, сабырлы, жұмысына тиянақты» дейді әріптестері. Қазір 33 жастағы келіншектің жағдайы ауыр деп бағаланған. Дәрігерлер оның мойнының қатты зақымдалғанын айтты.

– Жағдайы тұрақты ауыр, себебі ашық мойын жарақаты болып тұр. Соған байланысты бір жақ қол-аяғы әлсіз, қозғалысы шектелген. Кешенді ем алып жатыр. Жарақаты қылмыстық жағдайда болған. Аты-жөнін де айта алмаймыз, – деді Атырау облыстық ауруханасының нейрохирург- дәрігері Сабыр Демегенов.

Күдікті келіншекке шабуыл жасаған соң оқиға орнынан тайып тұрған. Қазір 29 жастағы азаматтың қайда қашқаны белгісіз. Ал полиция қызметкерлері аталған іске қатысты сот-медициналық сараптамасының тағайындалғанын айтты.

– Күдіктінің жеке басы анықталып, оны ұстауға бағытталған жедел іздестіру кешенді шаралары жүргізілуде. Сот медициналық сараптамасы тағайындалды. Қазіргі таңда күдікті мен жәбірленушінің бұрын азаматтық некеде тұрғаны анықталды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды, – деді қалалық полиция басқармасының бастығы Руслан Байтенов.

Әзірге ер адамның мұндай қадамға не үшін барғанын ешкім білмейді. Ал жәбірленуші есін жиған. Дегенмен дәрігелердің айтуынша, қимыл-қозғалысы қиын.

Жұлдыз Қайрат, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Түркістанда цехтан өрт шығып, екі қызметкер ауруханаға түсті