Мемлекеттік бағдарламамен салынған тұрғын үйде жылу жоқ

27.01.2023 20:11

Аудан әкімінің айтуынша, қазандық биылғы жылыту маусымына дайын емес

Almaty.tv

Бұл – Мамлют қаласындағы әлеуметтік аз қамтылған отбасына салынған 30 пәтерлі тұрғын үй. Құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталып, былтыр пайдалануға берілуі тиіс еді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тұрғындардың айтуынша, мемлекеттік бағдарламамен салынған баспана әлі күнге дейін жылуға қосылмаған.

«Қазір бұл үйде бір әйел тұрады. Оның төрт баласы бар, басқа баратын жері жоқ. Үйдің төбесі мен қабырғалары жарылып жатыр, жылу берілмеген. Кем-кетігі жетіп артылады», – деді Мамлют қаласының тұрғыны Валентина Зотова.

Мәселе тұрғын үйдің жылу қазандығына қосылмағандықтан туындап отыр. Оның құрылысы 10 жыл бұрын басталған. Бюджеттен 300 миллион теңге бөлініп, ақша толығымен игерілген. Бірақ қазандық жұмыс істемейді.

«Жылу қазандығы қатып қалған. Инфрақұрылымының 80 пайызы бүлінген. Ал оған  көп шығын шықты. Мен қазандықтың құрылысын аяқтаған болатынмын. 2020 жылы нысан толықтай дайын емес еді. Ішкі жабдықтары, реттегіштері, басқару тораптары болмаған. Енді қазандықты іске қосу үшін сараптамадан өткізіп, талдау жасалуы керек. Бірақ оның бірі де істелмеді», – деді мердігер компания өкілі Евгений Лебедько

Ал жергілікті билік жылу қазандығымен айналысатын мекеме табылып, істі реттей бастағанын айтады.

«Қазандық бір жыл да жұмыс істеген жоқ. Біз оны 2021 жылы іске қосып көрдік, 2022 жылы да 1 ай көлемінде жағуға тырыстық. Бұл қазандыққа 6 нысанды қостық, енді 15-ке жуық мекемені, оның ішінде 10 тұрғын үйді қосуды жоспарлап отырмыз», – деді Мамлют ауданының әкімі Владислав Лукин.

Аудан әкімінің айтуынша, қазандық биылғы жылыту маусымына дайын емес. Дегенмен келесі қысқа дейін оны дайындап, әлеуметтік нысандарды қосатынын айтып, сендірді. Айта кетейік, Мамлют қаласы облыс орталығы Петропавл қаласынан 42 шақырым жерде орналасқан.