Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз елдегі төтенше жағдай режимі кезінде банкоматтарға ақша қалай жеткізілгенін баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Қаңтардың қайғылы оқиғаларында интернет пен ұялы байланыс шектеліп, мобильді және электрондық төлемдерді жүзеге асыру мүмкін болмай қалғанда азаматтар үнемі қолма-қол ақшамен қамтамасыз етілді. Бұл уақытта «Халық банктің» инкассаторлары өмірі мен денсаулығына төнетін қатерлерге қарамастан 3,5 мың банк бөлімшесіне, 6 мыңнан астам автожанармай құю бекетіне, 17,5 мың бизнес объектісіне шығып, 13 мыңға жуық банкоматқа ақша жүктеген», - деді ІІМ ресми өкілі.
Оның айтуынша қарағанда, осынау күрделі жағдайда полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілер ақша тасымалын қарулы күзетпен қамтамасыз еткен.
«Осы мақсатқа полиция төтенше жағдай кезінде мыңнан астам автоэкипаж бен 4,5 мың қарулы полиция жасағын бөліп бекітті», - деді Нұрділдә Ораз.
Аталмыш брифингіде ІІМ ресми өкілі жарылғыш зарттар мен оқ-дәрі тауып алған жағдайда не істеу керектігін түсіндірді.
«Жарылғыш материалдар мен оқ-дәрілер тауып алған жағдайда оларға тиіспеу керек және тасымалдауға болмайды. Мұндай жағдайда азаматтардан жазатайым оқиғалар мен жарақаттанудың алдын алу үшін полицияға «102» немесе «112» телефондары бойынша хабарлауды сұраймыз», - деді ол.