Youth Nomads: базар қызметкерлері арасында жарыс өтті

31.07.2024 19:17

Қазақ күресі, асық ату, қол күрес және арқан тартыс сынды ұлттық спорт түрлері қамтылған

Almaty.tv

Алматыда «Youth Nomads» фестивалінің екінші кезеңі өтіп жатыр. Қазақ күресі, асық ату, қол күрес және арқан тартыс сынды ұлттық спорт түрлерінен өткізілетін жарыс екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жарыстың ерекшелігі - қаладағы 40-қа жуық сауда базарының қызметкерлері қатысып, бақ сынайды. Мәселен, кеше өткен фестивальдің алғашқы кезеңінде 200-ден аса адам өзара сайысқа түскен. Қой көтеруден рекорд орнатқан Нұрдәулет Жексен бірінші орынға ие болса, қазақ күресінен Қажымұқан Өтеулиев қарсылас шақ келтірмепті. Ал асық ату бойынша Қуаныш Нұрниязов топ жарған.

– Бақ сынап көрейін дедім. Нәтиже жақсы, жігіттердің бойынша рух пайда болып, қуанып қалды, – деді базар қызметкері Ернияз Шаниязұлы.

– Бала кезден асықты ойнайтынбыз. Бүгін еске түсіріп, Аллаға шүкір, финалға шықтық. Бәріне табыс тілеймін! – деді базар қызметкері Қуаныш Ұзақбаев.

Жеңімпаздарға арналған жүлде қоры - 2,5 миллион теңге. Сондай-ақ бағалы сыйлықтар да қарастырылған. Ал ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу әрі салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында өткізілген сайыс Жастар саясаты басқармасының бастамасымен қолға алынған. Фестиваль жоспарға сай жыл сайын ұйымдастырылмақ.

– «Жұмыс істегім келеді, жастарға арнап, жобаларға атсалысқым келеді» деген жастар ұйымдастырып жатыр. Жобаның болашағы бар. Биыл 20-дан астам базарда әртүрлі іс-шара ұйымдастырамыз, – деді Жастар саясаты басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азиз Қажденбек.

Оқи отырыңыз: Тілдер саябағы: алматылықтар шет тілін тегін үйрене алады