Банкроттық бойынша 3 мыңнан астам алматылық өтініш берген

24.04.2023 19:18

Банкрот деп танылған азаматтардың тізімі уәкілетті органның ресми сайтында жарияланады

Өңірлік коммуникациялар қызметінен

Үш мыңнан астам алматылық банкроттық бойынша арыз берген, деп хабарлайды Almaty.tv.


Алматыда банкроттыққа 3 мыңнан астам адам өтінім берген. 500  арызы қабылданған. Ал қалған 80 пайызының құжаттары кері қайтарылыпты.

«Ақша керек болған соң алдық. Жақсы төлеп келе жатқанбыз. Бізде 4 жыл бұрын күйеуім ауырып қалды да, содан кейін төлемей кеттік. Банкке төлемді уақытша тоқтата тұруын өтінген ек. Рұқсат етілмеді. Күйеуімде бүкіл құжатын бұғаттап тастады. Осы уақытқа дейін әр жерде жұмыста істеп жүрді. Банкроттық заң шыққаннан кейін біз банкроттыққа бердік», – деді қала тұрғыны.

Бет-жүзін жасырған көпбалалы ана туған-туыстан ұялады. Ал банкроттыққа өтініш берудің басты себебі берешегі бастан асып, әбден тығырыққа тірелген. Барлық шоттары бұғатталған күйеуі ресми жұмысқа орналаса алмағандықтан, әркімнің есігін сығалап жүр. Өйткені, төрт баланың ішіп-жемі мен киім-кешегі, жалдамалы пәтердің ақысы төлеу керек. Ал декретте отырған ананың қолында емізулі нәрестесі бар. Бір жарым миллион теңге қарызымыз үшін коллекторлардың қарғысына ұшырадық. «Несие өндіру мақсатында бізді алдап-арбап, әбден жүйкемізді тоздырды» дейді ана.

«Коллекторлар қайта-қайта хабарласып, мазалайтын. Неше түрлі балағат сөздер айтатын. Алдайтын кездері де болған», – деді қала тұрғыны.

Кейіпкеріміз секілді 3 мыңнан астам алматылық өзін банкрот деп тануға өтініш берген. Бірақ оның тек 500-інің ғана құжаты қабылданыпты. Оның өзінде олардың берешегінің кешірілетіні, не кешірілмейтіні белгісіз. Ол тек 6 айдан соң ғана белгілі болады. Айта кетейік, өтініш берушілердің 300-ден астамы атаулы әлеуметтік көмек алатындар болса, 690-ы бес жыл бойы қарызын өтемей жүрген азаматтар.

«Сараптама жасаудың қорытындысында көптеген өтініш заңға сәйкес толтырылылмаған. Ол азаматтар келесі де тапсыра алмайды деген талап жоқ. Өтініш иелерінің атына не  мүлік тіркелген, не «12 айға төлем жасамау керек» деген  талапты орындамағандықтан кері қайтарылды», – деді Мемлекеттік кірістер департаменті қарыздармен жұмыс басқармасының басшысы Айдос Бұдұғұлов.

Ал «Қазақстан бойынша осы күнге дейін 39 мыңнан аса адам банкроттыққа құжат өткізсе, оның 2400-ден астамы ғана қабылданған. Бұл өте төмен көрсеткіш» дейді елге танымал заңгер Мейірман Шекеев. Құжаттардың кері қайтарылуының тағы бір себебі – халық осыған дейін банкке жүгініп, өз шама-шарқына қарай несиені бөліп төлеудің ыңғайлы шарттын сұрап, хат жазбаған. Яғни, банкроттыққа өту үшін банктің бас тартқаны туралы қағаз міндетті түрде болуы керек.

«Менің ұсынысым бойынша Қаржы вице министрі тікелей сұхбат жүргізді. Сонда біз осы сұрақты қойдық. Ол заңның шикі тұстары барын мойындап отыр. Бұл жерде көп нәрсе ескерілмеген. Елдің жағдайы өте төмен. Мүгедек адамдардың, көпбалалы аналардың жағдайы ескерілуі керек. Жұмыстан айырылып қалған, аяқасты мүгедек болып қалған адамдардың жағдайы қарастыру керек деген норма жоқ. Ешқандай жеңілдік жоқ», – деді заңгер Мейірман Шекеев.

Еске сала кетейік, 3 наурыздан бастап дүйім елден банкроттық туралы өтініштер қабылданды. Бұл рәсім 6 айға созылады, оның мерзімі өткеннен кейін банкрот деп танылған азаматтардың тізімі уәкілетті органның ресми сайтында жарияланады. Олар 5 жыл бойы несие рәсімдей алмайды.

Жадыра Омаржан, Жақсылық Тілепберген, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы