Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлім етті
Банкроттыққа өтініш бергендердің 80 пайызы талапқа сай келмейді. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елімізде банкрот деп танылған 6 мың 400 азамат бар. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, биыл 3 наурыздан бастап 70 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Алайда оның 80 пайыздан көбі банкроттық рәсімге сәйкес келмеген. Банкрот деп танылған адамдардың көбі Алматы мен Жамбыл облыстарында және Алматы қаласында тіркелген. Ал ең азы Ұлытау облысында, яғни 41 адам банкрот деп танылыпты.
– Біріншіден, соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымдарының тізімін кеңейту. Екіншіден, азаматтарды соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішке қосымша құжат беруден босату. Үшіншісіден, төлем қабілетін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін, борышкердің шетелге шығуына тыйымды алып тастау. Қазіргі таңда бұл нормалар депутаттармен және тиісті мемлекеттік органдармен пысықталуда, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Сондай-ақ Ерұлан Жамаубаев жеке тұлғаның банкроттығын рәсімдеу үрдісін жеңілдету мәселесін көтерді. Министр жекелеген борышкерлер үшін заңнамаға бірқатар жеңілдік енгізуді ұсынды. Оның қатарында банкроттық туралы өтінішке қосымша құжат өткізуден босату, сонымен қатар төлем қабілеттілігі реттелгеннен кейін борышкердің шетелге шығуына тыйым салмау мәселесін қарастыру бар.
– Өзгеріс енгізетінімізді ескерсек, өзін-өзі банкрот деп жариялайтындардың саны көбейе түсуі ықтимал. Біз алыс-жақын шетелдердегі сандарды салыстырып көрдік. Оларда өзін-өзі банкрот деп жариялаған азаматтардың шамамен 10 пайызының өтініші қабылданады, – деді ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.
Айта кетейік, азаматтар банкроттыққа өтінішті Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, электрондық үкімет порталы арқылы, сондай-ақ Е-salyq Аzamat немесе eGov Mobile мобильді қосымшалары арқылы бере алады. Сондай-ақ «Qoldau» деп аталатын жаңа ақпараттық жүйе іске қосылды.
Гүлмарал Изатқызы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Жиырма пайыз артты: халық өсіміне қандай фактор әсер етті