Премьер-министр цифрландыру бойынша жүргізілген жұмыстардың кемшілігін атады
Қазақстан Республикасының премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев цифрландыру бойынша халыққа түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізбей отырған министрлерге шүйлікті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бақытжан Сағынтаев кезекті үкімет отырысы барысында министрлердің жұмысына көңілі толмай отырғанын айтты.
«Мысалы, көлікті онлайн тіркеу немесе көлік жүргізу куәлігін алу қызметі бар дейді. Басқа көрсетілетін қызметтердің саны былай айтқанда көп емес. Неге? Бұл тиімді нәрсе. Халық сонда қаншалықты тиімді екенін білмей отыр ма?! Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы (Қасымов — Ішкі істер министрі), биыл ІІМ арқылы қанша көлік тіркеуден өтті?», — деп сұрады премьер-министр.
Ішкі істер министрі өз кезегінде биыл 2,5 миллион көліктің тіркеуден өткенін айтты. Сондай-ақ, жоспарға сәйкес, тағы жеті мемлекеттік қызмет түрінің жыл соңына дейін онлайн нұсқасы пайда болатынын жеткізді.
«Жоқ, онлайн тіркелген көлік түрін айтамын. Слайдта 4 639 ғана қызмет көрсетілді деп жазылған. Тіпті, 2,5 миллион өткен болса да, түк те емес. Орысша айтқанда, «не дорабатываем», — деді Бақытжан Сағынтаев.
Әрі қарай премьер-министр "Бұл қызметті енгізгенімізге екі ай ғана болды" деп ақталған Дәурен Абаевтың сөзін бөлді. Құжат бойынша аталған қызмет түрі 2018 жылдың маусым айынан бастап енгізілгенін айтты. Сондай-ақ, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу және қолжетімділік мәселесіне назар аударуды сұрады.
«Онлайн қызмет түрі енгізілгенімен, халық бәрібір де ХҚКО-ға барып кезекке тұрып жатыр. Оны бармай-ақ үйінде ұялы қосымша арқылы ала беруіне болатын еді. Оның үстіне қажеттісін пошта арқылы да әкеліп береді. (…) Адаммен жүзбе-жүз көріскен кезде барлығының түсінікті болатыны сөзсіз. Бірақ, халық интернетке кіріп ешнәрсе түсінбей отыр. Көлік немесе автобусқа мініп, қызмет көрсету орталығына барады. Ақпаратты түсіндіру жұмыстары нашар», — деп сынады Сағынтаев.
Бұдан өзге премьер-министр 2019 жылы жаңа форматқа ауыстырылуы тиіс мемлекеттік қызметтердің тізбесін жасауды тапсырды. Орталық және мемлекеттік органдардың барлығы осы тізбе жасалғаннан кейін уақытылы шаралар қабылдауы тиіс. Жол карталарын әзірлеу және ведомствоаралық тиімді өзара жүйелерді біріктіруді қамтамасыз ету міндеті премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевке жүктелді.