Парламент Мәжілісі депутаттық мандаттарды бөлуге қатысты құжатты мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Заң жобасының мақсаты – биліктің өкілді тармағында әйелдердің және жастардың, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың да қатысуын қамтамасыз ету және пікірін ескеру, оларды мемлекеттің тыныс-тіршілігінде белсенді жұмысқа тарту.
Жауапты министрдің айтуы бойынша ұсынылып отырған құжат нысаналы топтармен әртүрлі алаңда қаралды. Бұл түзетулер әйелдердің, жастардың, ерекше қажеттілігі бар адамдардың еліміздің заң шығару органындағы өкілдігін кеңейту үшін маңызды қадам болып саналады.
«Мемлекет басшысы өзінің 2021 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында ерекше қажеттіліктері бар адамдардың заңнамалық қызметте қатысу қажеттілігін атап өтті. Осы тапсырманы іске асыру мақсатында ұсынылған «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы әзірленді. Конституциялық заң жобасы әйелдер, 29 толмаған адамдар және мүгедек адамдар үшін 30% квотадан басқа, оларды Парламент Мәжілісінде депутаттық мандаттарды бөлу кезінде есепке алу қажеттілігін бекітуді көздейді», – деді ҚР Әділет министрі Қанат Мусин.