Қорға аударылған қаржы ашық жария етіліп, халық бақылап отыра алады. Бұл туралы «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Болат Жәмішев орталық коммуникациялар қызметінде онлайн өткен баспасөз мәслихатына қатысып, қор қызметіне қатысты басты жайттарды тарқатып берді.
«Қорға түскен қаражат көлемін тұрақты түрде халыққа жария етіп тұрамыз. Оның ішінде бизнес өкілдерімен қатар ірі компаниялар да бар. Бұған дейін 2 рет қорға қандай көлемде ақша түсіп жатқаны туралы ақпарат берген болатынбыз. Қайырымдылықтан бөлек, қорға лотерея қызметі операторларынан қаражат түседі. Сол сияқты Үкіметпен анықталған ұтыс тігу орталықтары мен басқа да табыс көзінен қаражат аударылады. Бұл жұмысты енді қолға аламыз», - деді Б.Жәмішев.
Төрағаның айтуынша, жеке тұлғалар қор қызметінің жандануына ерікті түрде қол ұшын созып жатыр.
«Біз біреуді қинап, еркінен тыс ақша аударуға мәжбүрлеуге қарсымыз. Қайырымдылық - адамның өз қалауымен жасалатын шара. Мемлекеттік орган қызметкерлерінің қорға ақша жинап беруіне қатысты шағымды естіп жатырмын. Әрине, біз де қарсымыз. Егер азамат өзі солай шешіп, жақсылық жасау ниетімен аударса, онда іс басқа», - дейді ол.