Ақтөбе облысында тасыған су республикалық маңызы бар жолды шайып кетті

02.04.2022 19:21

Қазіргі уақытта жол уақытша жөнделіп, автокөліктердің барлық түрінің қозғалысына ашылған

ҚазАқпарат

Ақтөбе облысында тасыған су республикалық маңызы бар жолды жырып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«ҚазАвтоЖол» компаниясының мәліметінше, бірінші сәуір күні сағат 17.00-де тасыған су «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы» республикалық маңызы бар автожолдың Жарлы ауылына жақын тұсындағы 283 шақырымында жолдың астына төселген құбырды шайып кеткен. Қазіргі уақытта жол уақытша жөнделіп, автокөліктердің барлық түрінің қозғалысына ашылған.

Айта кетерлігі, «ҚазАвтоЖол» су басып кету қаупі бар учаскелер тізімі жасап, 250-ден астам учаскені анықтады. Компанияның әр өңірлік филиалы көпір асты аймақтарды, су өткізу құбырларын қардан тазалап, ашып жатыр. Сонымен бірге көпір арналарын тазалау, су тасқынын болдырмау үшін инертті материалдарды дайындау жұмыстары жалғасуда.

Күн сайын аталған жұмыстарға 600-ге жуық арнайы техника және 1 мыңнан астам жол қызметкері жұмылдырылуда.